Павлодарда қалдықтан отын мен шикізат өндіретін жаңа өндіріс қарқын алды
Кәсіпорын жылына 3,5 мың тоннаға дейін түрлі материалды кәдеге жарата алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ҚазРециклен» ЖШС «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Кәсіпорын жұмысының негізгі бағыттарының бірі – резеңке-техникалық бұйымдарды қайта өңдеу. Пайдаланылған шиналар арнайы жабдықта ұсақталып, нәтижесінде резеңке шикізаты алынады. Ал мұнай құрамдас қалдықтар пиролиз әдісімен өңделіп, пеш отынына айналады.
– Реактор 10 тоннаға дейін шикізат қабылдай алады. Қондырғы Ресейде шығарылған, құны – 24 миллион рубль. Бұл жабдықпен жұмыс істеу үшін бес маманды арнайы оқыттық. Мұндай технология өңірдегі осы бағыттағы алғашқы жеке өндірістердің бірі саналады, – деді «ҚазРециклен» ЖШС басшысы Марат Төлегенов.
Сонымен қатар, кәсіпорында полиэтилен қалдықтары да қайта өңделеді. Алдымен олар сұрыпталып, ұсақталады және жуылады. Кейін арнайы өңдеуден өтіп, пластик бұйымдарын жасауға жарамды қайталама шикізат алынады. Бұл мақсатта құны 2 миллион юань болатын Қытайда шығарылған жабдық орнатылған. Өндірістік желіде жұмыс істейтін төрт қызметкер де арнайы дайындықтан өткен.

– Шикізатты Қазақстан аумағынан жеткіземіз. Дайын өнімді ішкі нарыққа жөнелтеміз. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау жақсы. Салық және басқа да бағыттар бойынша көмек бар. Бұл кәсіпорынның жұмысына оң әсер етеді, – деп толықтырды Марат Төлегенов.
Жобаның жалпы құны – 250 миллион теңге. Кәсіпорын іске қосылғалы бері 100 мың литр пеш отыны өндіріліп, өнімге қажетті сертификат алынған. Сонымен қатар, 55 тонна полимер шикізаты шығарылған.