Павлодарда әскери бөлім сарбаздары Абайдың әндерін шырқады
«Нұр – Ана әлемі» қоғамдық бірлестігі және 5512, 6679 әскери бөлімі екі жақтық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы «Нұр – Ана әлемі» қоғамдық бірлестігі Абай Құнанбайұлының туған күніне орай «Абай мұрасы – халық қазынасы» атты мерекелік кеш ұйымдастырды. Аталмыш іс-шараға 5512, 6679 әскери бөлімшелерінің сарбаздары мен басшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясы жастары, Аналар кеңесінің мүшелері қатысты.
– Міне, артына өшпес рухани қазына қалдырған Абайдай ұлы тұлғамыз барда, тар заманның құрсауына қарамастан ұлы кемеңгердің әдеби мұрасын халыққа насихаттап, оның құндылығын түсініп, елін-жерін сүйетін ұрпағымыз барда біз – мәңгілік елміз. Бүгінгі ниетіміз жастар мен үлкен буын өкілдері арасындағы қарым-қатынасты орнатып, өшпестей із қалдырған асыл мұраның негізгі ерекшеліктері жайлы айту, ардақтау, – дейді «Нұр – Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова.
Спикердің айтуынша, дәстүр бойынша жыл сайын өтетін дөңгелек үстел соңында Абай ескерткішінің алдына гүлшоқтары қойылады.
Ұлы Абайдың туған күні қарсаңында ұйымдастырылған кеш 5512 және 6679 әскери бөлімдерінің өкілдерімен бірлесіп өткізілді. Жиынға жаңа ант қабылдап, жазғы әскерге шақырылған сарбаздар келді. Олар тек Абай өлеңдерін оқып қана қоймай, домбырада күй ойнап, фортепианода Абай әндерін орындайды, - дейді Павлодар облысы Аналар кеңесі төрағасының кеңесшісі Светлана Шин.
Абайды еске алу кешінде ақынның майда үнмен шырқалып, бірде ақырындап, бірде көтеріп созып орындалған «Желсіз түнде жарық-ай», «Сегіз аяқ» атты әндерін тыңдаған көпшілік орыс-қазақ демей, шығарушысына да, ән салушыға да алғыстарын білдірді. Сондай-ақ, «Жазғытұрым», «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап», «Ғылым таппай мақтанба» және тағы басқа өлеңдері оқылды.
– Жүрекпен айтылған өлең, сөздер жүректен ғана шығады. Болашағымыз да – осында. Сол себепті, алдағы уақытта әскери бөлімдермен бірлесіп жұмыс істеп, жастарға арналған тәлім-тәрбиелік маңызы бар іс-шаралар ары қарай жалғасын табады деген үміттемін, - дейді Бақытжамал Максилова.
Оның сөзінше, әскери бөлім басшыларының Отан сүйгіштікке тәрбиелейтін, тағылымы мол тәрбиелік жұмыстарды жүргізгенде, «Әскерге бару қиын» ұғымының қарама-қайшылығын атап өтуге болады. Олардың атқаратын міндеттері – өскелең ұрпаққа тікелей өсиет.
Айта кетейік, биыл ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 179 жылдығы аясында көптеген іс-шаралар өткізіліп жатыр.