Павлодарлық депутаттар ортақ дұшпанға қарсы прокуратурамен бірікті

Павлодарлық депутаттар ортақ дұшпанға қарсы прокуратурамен бірікті
Фото: Константин Шелков

Бұл үшін арнайы жұмыс тобы құрылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бастама облыстық прокуратурадан шығып отыр. Облыстық мәслихат жанынан жер және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобын құруды мәслихаттың кезектен тыс сессиясында облыс прокурорының орынбасары Бауыржан Ертаев ұсынды.

- Біз жылдар бойы қордаланып қалған мәселелерді шешу жолдарын іздейміз, - деді ол. – Кәсіпкерлер, фермерлер және барлық тұрғындар бірдей проблемаларға тап болуда: түсініксіз процедуралар, заңдардағы қайшылықтар және бюрократия. Осыған орай, облыстық прокуратураның бастамасымен облыстық мәслихатта жұмыс тобы құрылуда. Бізге кезекті ресми орган емес, нағыз жұмыс құралы керек.

Прокурордың орынбасары топтың мақсатына тоқталды. Оның ойынша, депутаттар қадағалау органымен бірлесіп, проблемаларды саралап, нақты заңнамалық бастамалар дайындап, халық пен билік арасында кері байланысты орнатуы керек. Бұл жұмыстың жемісі кәсіпкерлікті дамытуға және азаматтардың құқықтарын қорғауға қызмет етуі тиіс.

Облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко депутаттардың прокуратура органдарымен ұзақ және жемісті ынтымақтастығына тоқталды. «Халық тұмар» мобильді қосымшасы жасалды, ол арқылы азаматтар заң бұзушылықтар туралы тікелей қадағалау органына хабарлай алады.

Депутаттар жұмыс комиссиясын құруға бірауыздан дауыс берді.