Павлодарда әлеуметтік патруль тобы үйсіз азаматтарға көмек көрсетті
Рейд барысында көмекке мұқтаж жеті адам анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметінше, қайта әлеуметтендіру орталығының мобильді әлеуметтік патруль тобы кезекті рейд өткізді. Бұл жолы мамандар «Благовещен кафедралды соборы» аумағында және «Диспетчер» ауданы маңында көмекке мұқтаж жандарды іздеді.
– Рейдтің басты мақсаты – үйсіз және әлеуметтік осал азаматтарға қолдау көрсету, олардың өмірлік қиын жағдайдан шығуына жәрдемдесу. Патруль тобы көмекке зәру адамдарды анықтап, оларға уақытша баспана, медициналық және психологиялық көмек ұсынады. Сондай-ақ азаматтарды қайта әлеуметтендіру мен қоғамға бейімдеу бағытында жұмыс жүргізеді, – деді бөлімнің баспасөз қызметі.
Бүгінгі рейд барысында өмірлік қиын жағдайға тап болған жеті адам табылды. Олардың бесеуі орталыққа баруға келісім беріп, сол күні жеткізілді. Онда оларға уақытша баспана, медициналық көмек және әлеуметтік қолдау көрсетілді.
– Қайта әлеуметтендіру орталығы қазіргі уақытта 103 қызмет алушыға көмек көрсетіп отыр. Мұндағы мамандар тек баспана беріп қана қоймай, азаматтарға құжаттарды қалпына келтіру, туыстарымен байланыс орнату және әлеуметтік қызметтерге қол жеткізу бойынша кеңес береді, – делінген хабарламада.
Ведомствода атап өткендей, мұндай рейдтер үйсіздік пен құқықбұзушылық деңгейін төмендетуге, сонымен қатар қиын жағдайға тап болған адамдардың қоғамға қайта бейімделуіне мүмкіндік береді.
Қайта әлеуметтендіру орталығы Павлодар қаласы, Космонавтов көшесі, 1/50 мекенжайында орналасқан.
Байланыс телефоны: 8 (7182) 62-30-68.