Павлодарда жас жекпе-жекшілер есірткіге қарсы екендерін көрсетті
Муай-тай бойынша облыстық ашық турнир өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Бірлік» жекпе-жек сарайында муай-тай бойынша үш күндік «Муай-тай есірткіге қарсы» облыстық ашық турнирге облыстың барлық өңірлерінен 12 - 18 жас аралығындағы 100-ден астам жас муайтайшылар, оның ішінде Павлодар қаласы білім бөлімінің «Жігер» балалар-жасөспірімдер клубының 12 тәрбиеленушісі қатысты.
Турнир қорытындысы бойынша жігерліктер түрлі номинациядағы 12 медаль жеңіп алды.
12-13 жас аралығындағы қатысушылар арасында алтын медальдарды төрт спортшы, күміс медальдарды екі спортшы жеңіп алды.
14-15 жас аралығындағы қатысушылар арасында тұғырдың бірінші сатысына іш спортшы көтерілсе, күміс медальды бір спортшы жеңіп алды.
16-17 жас аралығында екі спортшы алтын медаль жеңіп алды.
– Тәрбиеленушілерімнің сәтті өнер көрсетуі – бұл қажырлы жаттығудың нәтижесі. Олар республикалық, халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін чемпиондары, – дейді спортшылардың жаттықтырушысы Дамир Фатхутдинов.
Айта кетейік, 12-13 жас аралығында алтын медаль алған – Диар Тілеуленов 2023 жылғы Азия чемпионы, 2024 жылғы әлем чемпионы. Ал, 14-15 жас аралығындағы бірінші орын алған – Дэвид Паноян төрт жыл ішінде жеңіліс таппаған муай-тайдың абсолютті чемпионы.