Ерулік, жылу, бәсіре: Павлодарда әйел-қыздар жамағаты арасында үздік келіндер анықталды
Барлық жүлделі орындарға қаржылай сертификат табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚМДБ, Павлодар қаласы, «Шайқы ата» мешітінің «Әйел – қыздар секторының» ұйымдастыруымен «Жақсы келін – ырысым» атты келіндер сайысы ұйымдастырылды. Сайысқа Мәшһүр Жүсіп, Ақмешіт, Умар әл-Фаруқ, Екібастұз, Майқайың, Ғабдул Уахит, Шайқы ата, Әбу Бәкір Сыддық мешіттерінен қатысушылар келді.
Шара Құран оқумен ашылды. Ал «Шайқы ата» мешітінің имамы Маралбек Жаңбырбайұлы дін мен дәстүрдін маңыздылығын айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Келіндер сайыстың бірінші кезеңінде өлең шумақтарымен өз-өзін таныстырып, сонымен қатар үстеріне киген ұлттық қазақ киімдерін ұсынды. Екінші кезеңінде билет алып, ерулік, жылу, бәсіре деген қазақ салт-дәстүрін ашып айтты. Үшінші кезенде келіндер сұрақ-жауап өткізуге арналған Kahoot программасы арқылы арнайы дайындалған діни сұрақтарға жауап берді. Төртінші кезеңде келіндер шеберліктерін көрсетіп жаймаларын жайды. Бесінші кезеңде келіндер дайындап әкелген үй жұмыстары арқылы әділ қазыларға қол өнерлерін көрсетті.
Келіндердің еңбектерін бағалап, әділ шешім қабылдаған қазылар қатарында Қапиза Сағадатқызы, Мархабат Сарсенбайқызы және Павлодар облысы «Әйел-қыздар секторының» жетекшісі Тұргынбай Ақерке болды.
Сайысқа қатысушы келіндер өте жақсы дайындықтарын көрсете білді. Нәтижесінде бірінші орынға «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің қатысушысы Гулім Оразғалиқызы қол жеткізді. Ал екінші орынға «Умар әл-Фаруқ» мешіті атынан келген Әлия Ақылбекқызы ие болды. «Ақмешіт» мешітінің шәкірті Бота Қайыр үшінші орын алды.
Сондай-ақ, барлық жүлделі орындарға қаржылай сертификат табысталды. Орын иеленбеген шәкірттерге Алғыс хат пен жұбаныш сыйлықтары берілді. Жүлделі орынға қол жеткізе алмаса да, бірақ өзінің шеберлігін ерекше көрсете білген Ария Жұрсынқызы «Алтын қол» номинациясымен марапатталды. Шараға келген қонақтарға естелік сыйлықтар таратылды.
Қатысушылар мен көрермендер дастархан басына жайғасып, жоғары деңгейде ұйымдастырылған шараға ақ тілектерін, алғыстарын білдірді. Аталмыш шаралардың қазіргі қоғамға маңыздылығы жайлы сөз қозғады.