Павлодар облысында SOS батырмалары орнатылды

Павлодар облысында SOS батырмалары орнатылды
Фото: Павлодар облыстық ПД

Бұл полицейлердің құқық бұзушылықтар мен оқиғаларға жедел ден қоюы үшін әзірленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, халыққа сервистік қызмет көрсету шеңберінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында  SOS батырмалары көмегін шұғыл шақырудың 38 құрылғысы орнатылған. 

– Дабыл батырмалары Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында және облыстың 10 аудан орталығында жұмыс істейді. Көшедегі дабыл қағатын «SOS батырмасы» полицияға шұғыл қоңырау шалуға арналған.  «Полиция» және SOS жазулары бар ашық қызыл металл вандалға қарсы корпус болып табылады, – дейді департаментте. 

Құрылғыны түнде алыстан байқау үшін жарық шамшырақтары принципі бойынша жұмыс істейтін жарық құрылғысы бар. SOS батырмасында тәулік бойы қоршаған ортаның тұрақты аудио-бейне мониторингін жүргізетін микрофоны бар бейнекамера орнатылған.

Айта кетерлігі, дабыл батырмасын басу арқылы құқық бұзушылық туралы хабарлама жіберуге немесе полициядан көмек сұрауға болады.