Аққулы ауданында шаңғы жарысы өтті

Аққулы ауданында шаңғы жарысы өтті

«Taza dem» атты шаңғы жарысына Аққулы,  Шарбақты,  Жамбыл,  Шақа және Қызылағаш ауылдық округтерінің спортшылары қатысты, деп хабарлайды   @Pavlodarnews.kz.

Аққулы ауданы әкімдігінің мәліметінше, аудан тұрғындары арасында салауатты өмір салтын сақтауды насихаттауға бағытталған шараны  мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі, «Жалын»  жастар бастамаларын дамыту орталығы  ұйымдастырған. 

– Спорт – денсаулық кепілі.  Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, шыдамды, шымыр болатыны белгілі.  Біздің ата-бабаларымыз «Тәні саудың – жаны сау», «Бірінші байлық –  денсаулық», –  деп бекер айтпаған. Салауатты өмір сүрудің, тазалықты сақтаудың  маңызы зор, – деп аудан әкімінің орынбасары Алма Қасымова қатысушыларға сәттілік тіледі. 

Жарыстың нәтижесі бойынша 14 жасқа дейінгі жастар арасында шаңғы жарысынан 1-орынды Данара Сәдуақасова,  2-орынды Аружан Ерсайын, 3-орынды Валерия Сальникова иеленді. 

14-18 жас аралығындағы жастар арасында 1-орынға Нұраман Нұрмағамбет, 2-орынға Станислав Коваленко, 3-орынға Рахат Мейрамбек ие болды.

18 жастан жоғары жастар арасында 1-орынды Сергей Ибраимов, 2-орынды Тілеужан Сексенбай, 3-орынды Аян Қайролла  еншіледі. 

 «Ең жас қатысушы» номинациясы он жасар Руслан Нартовқа, «Ең ересек қатысушы» номинациясы 48 жастағы Қайырбек Жанболатқа табысталды. 

Жарысқа қатысушылар аудан әкімінің грамоталарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткен Аққулы ауылдық мектебінің дене шынықтыру мұғалімі Медет Айтқұловқа аудан әкімінің Алғыс хаты табыс етілді.