Павлодарда өзге ұлт жастары мемлекеттік тілде патриоттық ән шырқайды

Қазақстан Республикасы күніне арналған «Әнімді саған арнаймын, Қазақстан» атты патриоттық әндер байқауы өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шара облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері арасында 17 қазанда ұйымдастырылмақ. Оған Екібастұз, Железин, Успен және Шарбақты аудандарынан этномәдени бірлестіктердің жас таланттары қатысады деп жоспарлануда. Олар мемлекеттік тілде қазақстандық ақын-композиторлардың шығармаларын жанды дауыста орындайды.
– Байқаудың басты мақсаты – өңірде тұратын этностар арасында мемлекеттік тілді дәріптеу, патриоттық әндер арқылы елге деген құрмет пен сүйіспеншілікті арттыру, ұлттық бірегейлікті қалыптастыру және рухани келісімді нығайту. Мұндай жобалар жастардың шығармашылық әлеуетін ашуға, сондай-ақ Қазақстанның мәдени әртүрлілігін қолдауға мүмкіндік береді, – дейді ұйымдастырушылар.
Белорус, поляк, украин, қарашай-черкес, кабардин-балқар, фин-угор және славян этномәдени бірлестіктерінің жастары қатысатын байқаудың жеңімпаздары мен белсенді қатысушыларына естелік сыйлықтар мен Алғыс хаттар табысталады.