Павлодарда көшпелі ансамбль өнер көрсетті
Шара Ұлттық домбыра күніне арналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен ұлттық домбыра күніне орай «Күмбірле, қоңыр домбыра» атты жылжымалы сахна жұмыс істеді. Сахнада 40-тан астам елімізге, өңірімізге танымал айтыскер ақын, дәстүрлі әнші мен күйші өнер көрсетті.
Таң ата жылжымалы сахна концертін Кенжекөл ауылы жанындағы жаңа көпірден бастады. Назарбаев даңғылы бойымен Торайғыров көшесіне шықты, кейін Сәтбаев көшесінде өз өнерлерін паш етті.
– Әрбір жылда шілденің алғашқы жексенбісінде елімізде ұлттық домбыра күні атап өтіледі. Мерекеге орай жылжымалы сахнамыз қаламыздың басты көшелерінде өнер көрсетті, – дейді «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының басшысы Замира Солтан.
Мекеме басшысының айтуынша, жылжымалы сахна мерекелік концерттерін Усолка ықшам ауданындағы көпірдің жанында тәмамдайды.
Айта кету керек, бұл сахнада «Шаңырақ сазы» халықтық фольклорлық ансамблі, «Тоғыз перне» ансамблінің жетекшісі Амангелді Әбдіқадір, «Рух этно-микс» ансамблі, «Адай» триосы өнер көрсетті.