Павлодарда өңірдің дамуына үлес қосқан азаматтардың есімі аталды

Павлодарда өңірдің дамуына үлес қосқан азаматтардың есімі аталды
Фото: istockphoto.com/francescomoufotografo

Байқау жеңімпаздарына Алғыс хаттар мен «Еңбек майталманы» медальдары табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһарда жұмысшы мамандықтардың мәртебесін арттыруға бағытталған «Еңбек адамы – 2025» атты байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шара Қазақстан Халық партиясының облыстық филиалы ұйымдастыруымен Жастар бастамаларын дамыту орталығында болды.

– Мемлекет басшысы ағымдағы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Осыған орай, біз жыл бойы жастар арасында жұмысшы мамандықтарды насихаттап келдік. Мақсатымыз — жастардың бұл салаларға қызығушылығын оятып, оның ел үшін де, жеке адам үшін де маңызды екенін көрсету, – деді партияның өңірлік филиал төрағасының міндетін атқарушы Әлімбек Ағыбаев. –  Қарапайым еңбек адамын, күнделікті өндірісте, цехта маңдай терін төгіп жүрген азаматтарды лайықты түрде марапаттау. Олар әрқашан қоғамның іргетасы болып келеді, алайда олардың еңбегі әрдайым тиісті деңгейде бағалана бермейді.

Байқауға алпыс өтінім келіп түскен. Комиссия мүшелері бағалау кезінде әр қатысушының еңбек өтіліне, кәсіби жетістіктеріне назар аударды.

– Таңдау оңай болған жоқ. Өйткені, әрбір үміткер — құрметке лайық азамат. Әсіресе, өз ісіне жаңалық енгізіп, өзгелерге үлгі бола білетін адамдар ерекше көзге түсті, – деді Әлімбек Ағыбаев.

Сайыс қорытындысы бойынша қазылар-алқасы алты номинация бойынша үздік маман иелерін анықтады. Атап айтқанда: «Өндірістік оқыту шебері», «Трамвай жүргізушісі», «Энергетика шебері», «Жыл серпілісі», «Компрессорлық қондырғылардың машинисі» және «Су дайындау операторы».

Осылайша, «Жыл серпілісі» бағыты бойынша үздік болып «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ электр жөндеушісі Самат Исабаев болды. Ол үш жылдан бері кәсіпорнында еңбек етіп келеді және кәсіби жетістіктері үшін жеңімпаздар қатарына енді.

– Біздің ұйым жақында кернеу астында жұмыс істеу технологиясын меңгерді. Жұмыс орны, қызметкерлерді арнайы Татарстан мемлекетіне оқуға жіберді. Олардың қатарында мен де болдым. Бұған дейін біз 0,4 кВ кернеуінде жұмыс істеп келсек, биылдан бастап 10 кВ желілерінде де қауіпсіз түрде жұмыс жүргізе бастадық, – деп атап өтті ол.

Жұмысшылардың қауіпсіздігі мен қолайлығы үшін кәсіпорын арнайы жабдықтар мен көлік сатып алды. Маманның сөзінше, мұндай автокөлік еліміз бойынша тек Павлодарда ғана бар.

– Еліміз бойынша әзірге біз ғана осындай форматта жұмыс істеп жатырмыз. Басшылық бізді арнайы жабдықтармен қамтамасыз етті. Қазір өзге қалалар мен облыстардан тәжірибе алмасу үшін сарапшылар мен өндіріс қызметкерлері келуде, – деді электр жөндеуші. 

Бүгінде Самат Исабаев пен оның командасы тек өз жұмысымен шектеліп қалмай, бүкіл ел бойынша электр желілерімен жұмыс істеу мәдениетін жаңа деңгейге көтеріп жатыр. Бұл — кәсіпорын үшін ғана емес, бүкіл сала үшін үлкен жетістік.

– Марапат аламын дегенді естігенде қатты таң қалдым. Бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік пен қуаныш. Бүгінгі менің марапатым – ол басшылықтың және менің әріптестерімнің ортақ жеңісі. Бәріміз бірге еліміздегі электр желілерімен жұмыс істеуіне жаңашылдықтар енгізіп жатырмыз, – деді ол.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай іс-шаралар тек бірреттік акция емес. Болашақта байқау басқа форматта болса да, жалғасын табады.

– Қазір жастар көбіне әлеуметтік желідегі «жылдам бай болу» идеологиясына еріп кетеді. Бірақ нағыз табыс — үздіксіз еңбектің нәтижесі. Мысалы, қарапайым механизатор да білікті маман болса, жоғары табыс таба алады. Біз осыны көрсетуіміз керек, – деді Әлімбек Ағыбаев.

Байқау жеңімпаздарына Қазақстан Халық партиясының облысытық филиалы атынан Алғыс хаттар мен «Еңбек майталманы» медальдары табысталды.

Фото: автор