Баянауылдың қазынасы: Қоңыр әулие үңгірінің құпиясы неде?

Құтты мекенге әлемнің барлық елінен келіп қонып қайтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауыл – Қазақстанның ғана емес, күллі түркі дүниесінің рухани қазынасына айналған қасиетті мекен. Бұл өңір табиғи сұлулығымен, тарихи-мәдени ескерткіштерімен, ел аузында сақталған аңыз-әпсаналарымен ерекшеленеді. Осындай бірегей жәдігердің бірі – Қоңыр әулие үңгірі. Халық санасында ежелден киелі орын ретінде орныққан бұл үңгір бүгінде Қазақстан Республикасының қасиетті нысандары қатарына енгізілген.
– Қоңыр әулие үңгірі үш бөліктен тұрады. Бірінші мешіт бөлімінде күмбез тәрізді кеңістікке кірген адам алдымен дұға жасап, тілегін айтады. Мұнда хан да, қара да бас иіп кірген деген сенім бар. Екінші кезекте, қонатын бөлік. Бұл қараңғы кеңістікке күн де, ай да, жұлдыз да сәуле түсірмейді. Мұнда адамдар құрбандық шалып, түнеген. Әсіресе бала тілеген аналар мен денсаулық іздеген жандар осы жерде қонған және үшінші соңғы бөлік, қазандық бөлігі. Үңгірдің түпкірінде қазанға ұқсайтын табиғи шұңқыр бар. Ол күміс иондарына бай суға толы. Халық бұл суды киелі деп білгенімен, қазіргі зерттеулер оның құрамындағы күміс мөлшері жоғары болғандықтан, ішуге жарамсыз екенін дәлелдеді, – дейді Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аға мемлекеттік инспекторы Алтынбек Құрманов.
Оның айтуынша, геологиялық тұрғыдан үңгір жанартау әрекеттерінің нәтижесінде пайда болған. Жер қыртысының қозғалысы, от пен судың, ауа мен газдың қысымымен қалыптасқан бұл құрылымды ғалымдар гранит жыныстарына жатқызады.
– Қоңыр әулие үңгірі жайлы ел арасында ондаған аңыз тараған. Кейбір нұсқаларда ол Нұх пайғамбар заманынан бері бар делінеді. Үш әулие – Құлан, Қыран, Қоңыр туралы әпсана да осы жермен байланыстырылады, – дейді Алтынбек Құрманов.
Алтынбек Құрмановтың сөзінше, Академик Әлкей Марғұлан үңгірді ғылыми тұрғыдан зерттеп, оның қазақ халқының рухани өміріндегі орнына ерекше мән берген. Ал халық арасындағы сенім бойынша, үңгір иесі – Қыдыр әулиенің өзі. Қазақ арасында «Қыдыр дарысын, Қыдыр жолдасың болсын» деген тілек бекер айтылмаған.
– Үңгірдің тылсым әсеріне қатысты көптеген мысалдар бар. Халық сенімінде мұнда келген адам бойындағы жаман энергиядан тазарады, қан айналым жүйесі реттеледі, рухани жеңілдік сезінеді. Кейде мұнда перзент сүйе алмай жүргендер немесе дертіне шипа іздегендер келеді. Медицина ғылымы да мұны ішінара растайды. Жабық кеңістіктегі микроклимат, тастан бөлінетін минералдар адам ағзасына оң ықпал етіп, тыныс жолдары мен жүйке жүйесін тыныштандырады, – дейді Алтынбек Құрманов.
Алтынбек Құрмановтың айтуынша, Қоңыр әулие атауымен дүние жүзінде сегіз үңгір белгілі. Соның бесеуі Қазақстан аумағында орналасқан. Олар: Баянауыл ауданында, Қазығұрт Түркістан облысында, Абай ауданы Шығыс Қазақстан облысында, Сарайшық маңы Атырау облысында және Қостанай өңірінде. Ал шетелде Венгрияның Батыс Карпатында, Түркия аумағында және Иордания мен Израиль шекарасындағы өлі теңіз маңында ұқсас үңгірлер кездеседі. Олардың барлығы дерлік мешітке ұқсас құрылымға ие және жергілікті халық арасында киелі орын саналады.
Қоңыр әулие үңгірі – тек табиғи ескерткіш емес, қазақ халқының рухани тарихының айнасы. Мұнда келушілер тек табиғат сұлулығына ғана емес, жүрекке жылу, санаға тыныштық сыйлайтын киелі күшке куә болады.