Павлодарда «жалған нөмір» таққан жүргізушілер тексеріледі
Өңірде 25-27 қыркүйек аралығында жедел-профилактикалық іс-шара өтіп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Полиция көлік құралдарына заң талаптарына сай келмейтін мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдалану фактілерін анықтауға басымдық беруде.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, рейд барысында тәртіп сақшылары көліктерді тексеріп, мемлекеттік нөмірлердің түпнұсқалығына және олардың көлік құралдарының тіркеу деректеріне сәйкестігіне назар аударады.
Полиция әсіресе жалған, қолдан жасалған немесе басқа көлікке тиесілі мемлекеттік тіркеу нөмірлерін пайдалануға жол бермеу қажеттігін ескертеді.
Сондай-ақ көлік иелеріне өздеріне тиесілі мемлекеттік нөмірлерді басқа адамдарға бермеуге шақырды. Заң талаптарын бұзу белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлік саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларды дер кезінде анықтау.