Павлодардағы кардиологиялық орталықты қайта ұйымдастыру мәселесі қаралуда

Павлодардағы кардиологиялық орталықты қайта ұйымдастыру мәселесі қаралуда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қаржы бөлу мен қайта ұйымдастыру мәселелері 2026 жылдан бастап қаралмақ, деп хабарлайды @Pavldarnews.kz тілшісі.

Бұған дейін орталықты қаладағы №1 ауруханаға қосу мәселесі көтерілген болатын. Дегенмен, дәрігерлер мұндай шешім белгілі бір деңгейдегі күрделі операцияларды жүргізуге кедергі келтіретінін айтып, алаңдаушылық білдірген еді. Енді кардиологиялық орталықты Сұлтанов атындағы облыстық аурухана қосу мәселесі көтерілуде. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шаметеков бұл мәселе Денсаулық сақтау министрлігінің желілік нормативіне сәйкес қаралып жатқанын мәлім етті.

– Кардиологиялық орталық облыстық аурухана қосылса да төсек-орын саны, қызметкерлер қысқартылмайды. Пациенттер жоспарлы түрде портал арқылы госпитализацияға жолданып, толық көлемде ем алады. Медициналық қызмет көрсету сапасы төмендемейді, – деді басқарма басшысы.

Қаржы бөлу мен қайта ұйымдастыру мәселелері 2026 жылдан бастап қаралмақ. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының бастамасына сәйкес, нормативке сәйкес келмейтін медициналық ұйымдарға бөлек қаржыландыру қарастырылмайды. 

Кардиоорталық бүгінде инфаркт миокарды, жүрек ақаулары, инсульт және басқа да жүрек-қан тамыр патологияларына қатысты ота жасап, өңір тұрғындарына жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетіп отыр. 

– Бұл бағыттағы қызметтің маңызы зор, себебі жүрек-қан тамыр ауруларының көрсеткіші өсіп келеді, – деді Иран Шаметеков.

Сонымен қатар, ангеограф жабдығын жаңарту жұмыстарына байланысты уақытша тамыр хирургиясы бөлімі кардиоорталыққа көшірілген. Мұндай қадам қант диабеті бар және тамыр патологиясы анықталған науқастарды дер кезінде және сапалы диагностикалау үшін жасалған.