Павлодар облысында қызылша ауруы айтарлықтай төмендеді

Павлодар облысында қызылша ауруы айтарлықтай төмендеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде инфекциялық аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26 инфекция бойынша сырқаттанушылықтың төмендеуі байқалады.

Бұл туралы Павлодар облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев мәлімдеді.

Жыл басынан бері өңірде қызылшаның 404 жағдайы тіркелген. Алайда мамыр айынан бастап аурушаңдықтың 36 пайызға төмендегені байқалады. Соңғы айларда көрсеткіш айтарлықтай азайған: маусымда 30 жағдай тіркелсе, шілдеде – төрт, тамызда екі жағдай анықталған.

Мамандар қызылшамен сырқаттанушылықтың төмендеуін ең алдымен толықтырып иммундау жұмыстарының жүргізілуімен байланыстырады. Бұған дейін вакцина алмаған азаматтар екпемен қамтылып, науқастармен байланыста болған адамдарға да иммундау жүргізілуде.

– Қызылша – вакцинамен басқарылатын инфекция. Оның таралуын тоқтатудың негізгі жолы – вакцинация, – дейді Батырбек Әлиев. – Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мамандары емхана дәрігерлерімен бірлесіп, бұған дейін баласына вакцина салдырудан бас тартқан ата-аналармен де түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Нәтижесінде 200-ден астам баланың ата-анасы шешімін өзгертіп, балалар вакцинацияланды.

Оның айтуынша, қызылшамен ауырғандардың басым бөлігі – екпе алмаған балалар. Ауру жұқтырғандардың шамамен 85 пайызы вакцинацияланбаған.

Өңірде көкжөтел бойынша да 47 жағдай тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 жағдайға аз.

Бұдан бөлек, вакцинациядан кейінгі елеулі жағымсыз реакциялар бойынша облыста жағдай тіркелмеген. Мамандар вакцинадан кейінгі ықтимал реакциялар адамның жеке ерекшеліктеріне және ағзаның препаратты қабылдауына байланысты болуы мүмкін екенін атап өтті.

Еске сала кетейік, тұмау маусымына орай өңірге қыркүйек айының ортасына дейін 80 мың доза вакцина жеткізіледі деп жоспарлануда.