Павлодардағы жантүршігерлік жол апатында астаналық футбол ойыншысы көз жұмды
Оқиға Павлодар-Астана тас жолында болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz
23 қыркүйек күні «Павлодар–Қызылорда» автожолының Бәйет ауылынан 5 шақырым жерде болған жол-көлік апатында «Жеңіс» футбол клубының ойыншысы Виктория Кайсаринова өмірден өтті.
Клубтың хабарлауынша, жүргізуші жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтамай, арақашықтықты бұзған. Соның салдарынан минивэн жүк көлігіне соқтығысқан.
– Бұл жағдайға әлі де сену қиын. Виктория жарқын ойыншы ғана емес, шынайы дос та болды. Оның қазасы – біздің бүкіл клуб үшін орны толмас ауыр қайғы. Ол әрқашан жүрегімізде сақталады, – делінген клубтың ресми көңіл айту хабарламасында.
«Жеңіс» футбол клубы марқұмның отбасына, туыстарына және жақындарына қайғырып, көңіл айтады.
Еске сала кетейік, «Павлодар–Қызылорда» автожолында «Toyota Lucida» автокөлігінің жүргізушісі қашықтықты сақтамай, «Sitrak» жүк көлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан Toyota автокөлігі өртенді. Төрт жолаушы мен жүргізуші қаза тапты. Полиция жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғады.