Қобланбек Қожин Павлодар қалалық мәслихатының төрағасы болды
Қалалық мәслихаттың 24 депутатына куәліктері табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгін VIІI сайланған Павлодар қалалық мәслихатының І сессиясы өтті. Сессия басында Павлодар қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Зәуреш Мұқашева депутаттарға төсбелгілері мен куәліктерін табыстап, мәслихат депутаттарын сайлау қорытындысы туралы баяндады.
Сессия барысында депутаттар ашық дауыс беру жолымен мәслихат төрағасын сайлады. Депутаттар бір ауыздан Қобланбек Қожинның кандидатурасын қолдады.
Мәслихат ішінде 5 тұрақты комиссия құрылды. Олар: ТҮКШ, экономика және бюджет, әлеуметтік және мәдени даму, жер қатынастары және қала құрылысы, азаматтардың құқығы мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері жөніндегі комиссия.
Қалалық мәслихат депутаттарын сайлау қорытындысы бойынша 19 наурыз күні сайлауға қаладағы 249 474 сайлаушының ішінде 140 152 адам немесе 56 пайызы қатысқан.
Зәуреш Мұқашеваның айтуынша, сайлауға «AMANAT», «Respublica», «Ауыл», «Қазақстан халық партиясы», «Ақжол» партияларынан кандидаттар ұсынылған. 47 адам өзін-өзі ұсынған.
Нәтижесінде мәслихаттағы 24 депутаттың 22-сі «AMANAT» партиясынан, біреуі «Қазақстан халық партиясынан», біреуі өзін-өзі ұсынған болып отыр.
– Жаңа құрамда депутаттардың 62 пайызы алғаш рет депутат болып отыр. 50 пайызы – әйелдер. 25 пайызы – 35 жасқа дейінгі жастар. Мәслихат құрамында төрт ұлт өкілдері бар. Депутаттардың орташа жасы – 41, – деді Зәуреш Мұқашева.
Сессияға Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманзаипов қатысып, депуттаттардың жұмысына сәттілік тіледі.
Фото: ашық дереккөздерден