Павлодарлық іздеушілер майдангердің сүйегін Отанына қайтаруға атсалысты

Павлодарлық іздеушілер майдангердің сүйегін Отанына қайтаруға атсалысты

Бородулиха ауданының Зубаир ауылында маңызды шара өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жерлесіміз Оразғали Белубаевтың сүйегі 80 жылдан кейін Отанында қайта жерленді. Ол 1943 жылы майданға шақырылған және 1943 жылы Старая Русьте соғыста қаза тапқан. Іздеушілер оның сүйегін өткен жылы күзде тауып алған, Қазақстан елшілігі мен ҚР Қорғаныс министрлігінің қолдауымен Қазақстанға әкелінді. 

Рәсімге Абай облысы, Ресей Федерациясының Бас консулдығы, Ресей ынтымақтастығы, іздеу жасақтары мен жауынгердің туыстары қатысты. 

Бұл оқиға біздің ортақ жадымыз бен тарихымызға ұқыпты қарайтындардың барлығын біріктірді. Бұл –  жай ғана қайта жерлеу емес. Бұл – тарихи әділеттілікті қалпына келтіру және бейбіт аспан астында өмір сүретіндерге құрмет, – дейді «Майдан жолы» іздеу жасағының командирі Александр Шитов.

Ресей Федерациясының «Находка», «Медведь», Павлодар қаласының «Майдан жолы»,  «Ерлік-Даңқ» іздеу жасақтары Ұлы Отан соғысы сарбаздарының есімдері мен тарихи естеліктерді қайтару бойынша тығыз ынтымақтастықта өте маңызды бірлескен жұмыс жүргізуде.

2024 жылдың қазан айында Ресей Федерациясы «Находка» іздеу жүйесінің «Медведь»  іздеу жасағы Новогород облысы Старорус ауданында қазба жұмыстарын жүргізу кезінде 1908 жылы туған   Абай облысы Зубаир ауылының тұрғыны, жауынгер Оразғали Белубаевтың сүйектерін анықтады. Әйелінің есімі Зейнеп, 1922 жылы туған.