Павлодар облысында демалыс күні бес бала жол апатында зардап шекті
Алaйда олар медициналық көмекке жүгінген жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, 23 қыркүйекте сағат 19:30 шамасында жедел жәрдемге апат туралы тағы бір қоңырау түсті. «Қамқор» сауда орталығының аумағында екі көлік соқтығысқан. Оқиға орнына екі медициналық топ жұмылдырылды. Салдарынан екі және алты жастағы ұл балалар, 14 жастағы қыз бала облыстық балалар ауруханасына, ал 37 жастағы әйел Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық клиникалық ауруханаға жеткізілді.
– Бұл күні тағы бір жол-көлік оқиғасы Черноярка ауылында орын алды. Жүк көлігі мен жеңіл көлік соқтығысып, 40 жастағы әйел мен 47 жастағы ер адамды №1 Павлодар қалалық ауруханасына, 7 және 16 жастағы екі қызды облыстық балалар ауруханасына жеткізді. Алайда оларға медициналық көмек қажет болған жоқ. Олар үйде ем қабылдайтын болады, – дейді облыстық балалар ауруханасында.
Сондай-ақ сағат 19:00 шамасында мотоциклмен аударылған 51 жастағы ер адамға көмек қажет екені жайлы хабар түскен. Ауыл тұрғынына ауыр ми жарақаты және бас сүйегінің сынуы диагнозы қойылды. Науқас ауыр халде №1 Павлодар қалалық ауруханасына жатқызылды.