Павлодарлық қолөнер шеберінің бұйымдары шетел нарығына шыға бастады
Қолөнер орталығы шеберлерді кәсіпке баулып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Павлодар қаласындағы «Ан-Нұр» өнер-білім орталығы ұлттық қолөнерді заманауи бағытта дамытып келеді. Орталық негізін қалаушы Жұрағатқызы Анардың айтуынша, шоппер тігу – тек табыс көзі емес, сонымен қатар экологиялық әрі қолжетімді кәсіп.

– Бастапқыда шопперді пакеттердің орнын алмастыру үшін тіккен едік. Уақыт өте келе бұл өнімге сұраныс артып, адамдар өз логотипін қойып, жеке бренд қалыптастыруға мүмкіндік алды, – дейді Анар Жұрағат.
Орталықта тек бұйым тігу емес, сонымен қатар үйде отырған қыз-келіншектерді кәсіпке баулу да жолға қойылған. Көпшілігі арнайы білімі болмаса да, қысқа уақыт ішінде тігінді меңгеріп, табыс табуға мүмкіндік алған.

– Бізге «жұмыс тауып беріңізші» деп келетіндер көп болды. Сол себепті ең жеңіл әрі үйде отырып жасауға болатын бағыт ретінде шоппер тігуді таңдадық. Бұл – кез келген адам меңгере алатын іс, – дейді қолөнер шебері.
Қазіргі таңда орталықта шопперден бөлек, жастықтың тысы, чемодан қаптары мен ұлттық нақыштағы бұйымдар тігіледі. Сонымен қатар, қазақы ою-өрнекпен безендірілген өнімдерге қызығушылық күн санап артып келеді.

Орталық өнімдері шетелдік нарыққа да шыға бастаған. Былтыр павлодарлық шеберлердің бұйымдары Дубайға жіберілген.
– Біз бұйымдарымызды шетелге де таныстыра бастадық. Мысалы, былтыр Дубайға жібердік. Сонымен қатар, студенттер арқылы Америкаға да өнімдеріміз жетіп жатыр. Бұл – біз үшін үлкен жетістік, – дейді ол.

Бүгінде орталықта балалар мен ересектер қатар білім алып, ұлттық өнерді меңгеруде. Шебердің айтуынша, алдағы уақытта өнім экспортын кеңейтіп, қазақы нақыштағы бұйымдарды әлемге таныту жоспарда бар.