Павлодарда теңгенің тарихына арналған көрме ашылды

Павлодарда теңгенің тарихына арналған көрме ашылды
Фото: Константин Шелков

Экспозициядан 2000-нан астам монета мен тарихи жәдігерді тамашалауға болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодардағы Г.Н. Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде Ұлттық валюта күніне орай «Қазақстан валютасы – теңгенің тарихы» атты ақпараттық көрме ұйымдастырылды. Көрмеге музей қорындағы құнды бұйымдар мен жеке коллекционер Виктор Столяровтың жинағынан алынған нумизматикалық жәдігерлер қойылған. Олардың қатарында Қазақстанның алғашқы төл теңгелері, заманауи банкноттар, ескерткіш және инвестициялық монеталар, тарихи фотосуреттер, құжаттар мен түрлі коллекциялық бұйымдар бар. 

Жеке жинақтағы ақша белгілері бірнеше ғасырды қамтиды. Атап айтқанда, ежелгі Пантикапей мемлекетінің мыс оболдары, Қарахан мемлекеті, Алтын Орда және Қырым хандығы дәуірлеріне тиесілі тиындар ұсынылған. Сондай-ақ қазіргі теңгенің тарихи бастауларының бірі саналатын күміс моңғол теңгесін де көруге болады.

Коллекционер Виктор Столяровтың айтуынша, Қазақстан тарихына қатысты нумизматикалық мұраны жинақтау жұмысы 2020-2025 жылдары жүйелі түрде жүргізілген. Бүгінде оның жеке қорында 2000-нан астам монета сақтаулы. Жиынтықта еліміздің ғана емес, әлемнің түрлі мемлекеттерінің ақша белгілері де қамтылған.

– Ең көне жәдігерлердің қатарында Пантикапей мемлекетінің мыс оболдары бар. Ұлы Жібек жолының оңтүстік бағыты Қазақстан аумағы арқылы өткендіктен, бұл ақшалар да осында айналымда болған. Монеталар мен ақша жүйесі ешқашан өздігінен дамымайды, олар әрдайым ел тарихымен тығыз байланысты. Біздің мақсатымыз – балаларға Қазақстанның ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі даму жолын нумизматикалық жәдігерлер арқылы көрсету, – деді Виктор Столяров.

Коллекция 30 планшетке топтастырылған. Олардың әрқайсысы Қазақстанның ғарыш саласы, мемлекеттік марапаттары, Қызыл кітабы, тарихи қалалары, көрнекті тұлғалары мен табиғатына арналған. Сонымен қатар, келушілер назарына елімізге қатысты төсбелгілер, үстел медальдары және тарихи тақырыптағы кітаптар ұсынылған.

Музейдің өлке тарихы бөлімінің басшысы Гүлжайнат Әлиеваның мәліметінше, мекеме қорынан жүзге жуық экспонат көпшілік назарына шығарылған. Арасында алғашқы теңге үлгілері, көне есептеу құрылғылары – шот, арифмометр мен калькулятор, сондай-ақ Қазақстан мен Павлодар өңіріне танымал тұлғалардың портреттері бар.

– Теңге – тәуелсіз мемлекетіміздің басты нышандарының бірі. Ұлттық валюта 1993 жылғы 15 қарашада айналымға енгізілді. Алғашқы теңгелер арнайы ұшақпен жеткізілген. Содан бері банкноттар мен монеталар бірнеше рет жаңартылып, олардың кейбірі тарихи жәдігерге айналды. Біз көрме арқылы әр кезеңдегі ақша үлгілерін ел тарихымен байланыстыра көрсетуді мақсат еттік, – деді Гүлжайнат Әлиева.

Айта кетейік, тарихи экспозиция 9-15 қараша аралығында жұмыс істейді. Келушілер оны тегін тамашалай алады.