Павлодарлық қолөнершілер өнімдерін онлайн сатуға мүмкіндік алды
Цифрлық платформа жергілікті шеберлерге өткізу нарығын кеңейтіп, ірі тапсырыс берушілер табуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» жергілікті қолөнершілерді «Sheber – Handmade» цифрлық платформасына тіркелуге шақырады. Жаңа сервис сәндік-қолданбалы өнер, кәдесый және ұлттық өнім өндірушілерін бір алаңға біріктіріп, олардың бизнесті дамытуына қосымша мүмкіндік береді.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Айдос Шайхисламның айтуынша, жобаның басты мақсаты – шағын әрі бытыраңқы өндірістерді тұрақты өткізу арналары бар толыққанды салаға айналдыруға жағдай жасау.
– Платформаның стратегиялық мақсаты – бытыраңқы қолөнер өндірісінен сериялық өнім шығаратын және өнімді тұрақты өткізетін жүйелі салаға көшу. «Sheber» сәндік-қолданбалы өнер және кәдесый өнімдерін өндіру секторын көлеңкеден шығаруға, сапа стандарттарын енгізуге және импорттық тауарларды отандық баламалармен алмастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар шеберлер B2B ресурстарына, әлеуетті клиенттерге және бөлшек сауда тапсырыстарына тікелей қол жеткізе алады, – деп түсіндірді Айдос Шайхислам.
«Sheber» платформасында шеберлердің каталогы, тауарлар витринасы және сапа стандарттарының тізілімі біріктіріледі. Бұл ретте платформа мәмілелерді жүзеге асыру кезінде қаржылық делдал қызметін атқармайды.
Павлодарлық қолөнершілердің өнімдерін ірі сауда желілеріне, ұлттық парктердің визит-орталықтарына, әуежайларға және қонақүй-мейрамхана бизнесі нысандарына жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ корпоративтік тапсырыстарға басымдық берілмек.
Жұмыс істеу қағидаты бойынша сервис қазақстандықтарға таныс маркетплейстерге ұқсайды. Оны «Sheber – Handmade» атауымен табуға болады. Пайдаланушылар үшін тіркелу тегін.
Платформаға кәдесый, зергерлік бұйымдар, ұлттық музыкалық аспаптар, былғарыдан жасалған бұйымдар, киім және сәндік-қолданбалы өнер туындыларын өз қолымен жасайтын шеберлер шақырылады.
Жобаның бірыңғай операторы – Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен». Платформаны дамытуға бейінді ұйымдар да тартылған. Атап айтқанда, QazTrade орталығы өнімдерді шетелдік нарықтарда ілгерілетуге, «Даму» қоры қаржылық қолдау құралдары мен кепілдік беруге, ал Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі экспорттық мәмілелерді сақтандыруға жауап береді. Қолөнершілер өнімдерін туристік инфрақұрылымға енгізу жұмыстарымен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы айналысады.
Платформаны пайдалану павлодарлық шеберлерге сатылым көлемін арттырып қана қоймай, жергілікті өндірістің өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтарда кеңінен танытуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
«Sheber» платформасына тіркелу және оның мүмкіндіктері туралы қосымша ақпаратты Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасынан алуға болады.
Мекенжайы: Павлодар қаласы, Луговая көшесі, 16, 319-кеңсе.
Анықтама телефоны: +7 747 113 6492.