Ел болашағы жолында: Павлодарда жастар форумы ұйымдастырылды
Іс-шара «Заң және тәртіп» идеологиясын және Халықаралық волонтёрлік жылын ілгерілетуге бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
BatyrMall сауда-ойын-сауық орталығында бірнеше мың адамды біріктірген «ВОЛОНТЕР. ЗАҢ. ТӘРТІП. БОЛАШАҚ» атты жастар форумы өтуде. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, шараның мақсаты – ұрпақтар арасындағы диалогты дамыту, өмірлік құндылықтар мен әр адамның күн сайын жасайтын жеке таңдауы туралы пікір алмасу, жастар арасында «Заң және тәртіп» идеологиясының маңызын түсіндіру, сондай-ақ қоғамдық пайдалы қызмет пен волонтёрлік қозғалысқа белсенді қатысуға ынталандыру.
15 наурызда өтетін республикалық референдум қарсаңында азаматтық белсенділік пен құқықтық мәдениет мәселелеріне ерекше назар аударылуда. Қатысушыларға елдің қоғамдық-саяси өміріне саналы түрде қатысудың маңызы, референдумның мәні және мемлекет болашағын қалыптастырудағы жастардың рөлі түсіндірілді.
Жиналғандардың алдында «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері сөз сөйлеуде. Сонымен қатар өңірдің белсенді жастары арасынан таңдалған амбассадорлар да ой бөлісті. Олардың қатарында «Бейбарыс» жекпе-жек орталығының негізін қалаушы, депутат Болат Сүлейменов, жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Ризат Рахымжанов, облыстық «Жасыл Ел» штабының директоры, депутат Русана Сулаймонова және басқалар бар.
– Болашақ біздің қабылдайтын шешімдерімізбен, адамдарға, қоғамға, табиғатқа деген қарым-қатынасымызбен қалыптасады. Жерді қорғау, жанымыздағы жандарға көмектесу, пайдалы әрі жауапты болу – мұның бәрі әрқайсымыздан басталады. Сондықтан мен бүгін осы форумға қатысып отырмын және 15 наурызда міндетті түрде референдумға барамын, – дейді қатысушылардың бірі Зарина Рүстембекова.
Іс-шара бағдарламасына тақырыптық бейнероликтер мен шығармашылық нөмірлер енді. Интерактивті бөлім де назардан тыс қалған жоқ. Облыс волонтёрлерінің қатарына қосылғысы келгендер LED-экрандағы QR-кодты сканерлеу арқылы оңай тіркеле алды.
Кештің хедлайнері – Kalifarniya. Сонымен қатар сахнада өңірдің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, форум соңы жастар дискотекасымен аяқталады.