Павлодар қаласының сарбаздары үйлеріне қайтты
Үздік сарбаздарға марапаттар табыс етілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодар қаласындағы түзеу мекемелерін күзететін 6679 әскери бөлімінің 2-2022 шақырылымдағы сарбаздары бір жылдық әскери борыштарын аман-есен атқарып, үйлеріне аттанды.
Жыл барысында жауынгерлік қызметін абыроймен атқарып, әскерде түрлі бағытта жетістікке жеткен үздік сарбаздар «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының және әскери бөлім командирінің, жергілікті құқық қорғау органдарының Алғыс хаттарымен марапатталды.
– 2-2022 жылғы шақырылым мерзімді қызметтегі әскери қызметшілері 6679 әскери бөлімінде Павлодар қаласының түзеу мекемелерін күзету жолында жауынгерлік қызметтерін абыроймен, қырағылықпен және табандылықпен атқарды. Сіздерге әскери борыштарыңызды адал атқарғандарыңыз үшін алғысымды білдіремін, – деді салтанатты шарада сөз алған әскери бөлім командирі, подполковник Аманжол Айтенов.
Қызылорда, Көкшетау, Өскемен, Талдықорған, Шымкент, Семей және Қарағанды қаласынан шақырылған 100-ден астам сарбаздың арасынан биыл «Срочник .02» бағдарламасы бойынша ҰБТ тапсырмай, еліміздің жоғарғы оқу орындарына ақысыз, оқу грантын иеленгендер де бар.
– Бір жылда қатал тәртіпке үйретіп, қамқорлық танытқан рота офицерлері мен сержант құрамына алғысым шексіз! Әскери борышымды өтеген бір жыл ішінде қиын сәтте бір-бірімізге қолдау білдірген қаруластарыммен қазір туған бауырдай болып кеттік. Сіздерге үлкен алғысымды білдіремін! Біз болашақ еліміздің ұландарымыз, қайсар батырларымыз! – деді қатардағы Жақсылық Орақбай.
Еске сала кетейік, «Жетісу» клубының ойыншысы Глеб Малиновский клуб арасындағы келісімшартын уақытша тоқтатып, Ұлттық ұлан қатарына қосылды.