Павлодарлық азамат қаржылық сауаттылық бойынша оқу құралдарын жазды

Павлодарлық азамат қаржылық сауаттылық бойынша оқу құралдарын жазды
Фото: Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасынан

Әзірге оқу құралдары танысу мақсатында ғана басып шығарылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Тілеген Мұсабеков – жоғары экономикалық білімі бар, қаржы және салық органдарында көп жыл еңбек еткен, сондай-ақ Қаржы министрлігінде білімін жетілдірген сарапшы. Жинақтаған тәжірибесі мен білімінің негізінде ол қаржылық сауаттылықтың түрлі бағыттарын қамтитын 13 оқу құралын әзірлеп, оларды басып шығаруға инвесторлар тарапынан қолдау іздеп жүр. Бұл ретте, ол өз еңбектерін жарыққа шығару туралы ұсыныспен Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасына жүгінген. 

Мұнда ол өзінің бірнеше еңбегін таныстырды. Олардың қатарында үш тілде әзірленген «Бизнес-күнделік», «Бәс тігу – оңай. Вилкалау бойынша нұсқаулық», «Kaspi Магазинде жұмыс істеу жөніндегі нұсқаулық», «Криптовалютамен жұмыс істеу негіздері» бар.

Әзірге бұл оқу құралдары танысу мақсатында ғана басып шығарылған. Алайда автор оларды толыққанды кітап түрінде жарыққа шығаруға мүмкіндік іздеп жүр. Оның мақсаты – оқырмандарға бюджет тәртібі туралы көбірек ақпарат беріп, өз қаражатын тиімді басқаруды үйрету. Сонымен қатар, автор бұған дейін жазылған еңбектерін қазақ тіліне аударып жатыр.

– Оқу құралдарының бірі криптовалютамен жұмыс істеу дағдыларын меңгеруге арналған. Екіншісі қаржылық сауаттылық негіздерін қамтиды. Ал қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көруге дайын үшінші еңбек кірістер мен шығыстарды есепке алу, оларды қаржылық сауаттылық аясында алдын ала жоспарлау мәселелеріне арналған, – дейді автор.

Тілеген Мұсабековтің айтуынша, «Kaspi Магазинде жұмыс істеу жөніндегі нұсқаулық» атты кітабы – мазмұны жағынан ерекше еңбек. Ол басқа елдермен тауар сатып алу және сауда жасау ісін жолға қоюға ықпал етеді.

– Ал «Бәс тігу – оңай. Вилкалау бойынша нұсқаулық» кітабына келетін болсақ, қоғамда құмар ойындарға әуестеніп, бәс тігу салдарынан қомақты қаражатынан айырылатын адамдар бар. Алайда бұған балама тәсіл де бар. Ол – екі қарама-қарсы нәтижеге бір мезгілде бәс тігу арқылы ұтылмайтын нұсқа қалыптастыру. Мұндай әдісті меңгеру үшін осы кітапты оқуға болады, – дейді ол.

Айта кетейік, вилкалау деп бір оқиғаның қарама-қарсы нәтижелеріне әртүрлі букмекерлік кеңселерде бәс тігу стратегиясын атайды. Бұл ретте коэффициенттер арасындағы айырмашылық нәтижеге қарамастан пайда табуға мүмкіндік береді.

– Бұл кітаптардың барлығы Ұлттық зияткерлік меншік институтында бағалау мен сараптамадан өтті. Онда менің жеке кабинетім бар, сол жерде 13 кітаптың барлығы және авторлық құқық туралы куәліктер сақталған, – деп атап өтті Тілеген Мұсабеков. 

Кітап авторы бұған дейін жоғары экономикалық білім алып, қаржы және салық органдарында ұзақ жылдар еңбек еткен. Сондай-ақ, Қаржы министрлігінде арнайы оқудан өтіп, банкроттық рәсімдерін жүргізуге лицензия алған. Кейін 15 жыл бойы банкроттық басқарушысы болып жұмыс істеген. Осы кезеңде адамдардың қаржысынан айырылу жағдайларын талдап, олардың қаржы-шаруашылық қызмет барысында жиі жіберетін қателіктерін түсінген. Кейін құмар ойындардың да қандай зардаптарға әкелетінін көріп, тиісті қорытынды жасап, осы тақырыпқа арналған кітаптарының бірін жазған.

Қаржылық сауаттылықтың негізінде кірістер мен шығыстарды реттеу арқылы жеке бюджетті қалыптастыра білу, сондай-ақ өз бюджеттік тәртібін орнықтыру жатыр. Бұған бағалы қағаздарды, атап айтқанда, акциялар мен облигацияларды сатып алу арқылы жеке капитал қалыптастыру да жатады.