Павлодар облысы қоныс аудару бойынша көш бастап келеді
Өңірімізге 2 036 адам өз еркімен қоныс аудару мүмкіндігін пайдаланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша ерікті қоныс аудару шеңберінде жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге 4 869 адам, оның ішінде 1 891 қандас және 2 978 қоныс аударушы көшіп келді. Барлық қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді.
Қоныстандыру өңірлері бөлінісінде Павлодар облысына – 2 036 адам, Солтүстік Қазақстан облысына – 1 163 адам, Қостанай облысына – 540 адам, Шығыс Қазақстан облысына – 402 адам, Абай облысына – 362 адам, Ақмола облысына – 285 адам, Қарағанды облысына – 43 адам, Ұлытау облысына 38 адам қоныс аударды.
Қоныстану аймақтарына көшкен қандастарымыз негізінен Өзбекстаннан – 631 адам, Моңғолиядан – 616 адам, ҚХР – 472 адам, Ресейден – 110 адам, басқа елдерден 62 адам келген.
1 491 еңбекке қабілетті қоныс аударушы мен 944 қандастың 1 288-і жұмысқа орналастырылды, 111 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысады, бір адам бизнес ашу үшін грант алды.
Қоныс аударушылар мен қандастар денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, білім беру және өнеркәсіп салаларына жұмысқа орналасты.
Қоныс аударған кейіпкерлеріміздің бірі – Көпбаевтар отбасы, олар қоныс аударғаннан кейінгі өмірлеріндегі оң өзгерістерімен бөлісті.
– Біз өңірлік қоныс аудару квотасына 2024 жылы қосылдық. Жетісу облысының Талдықорған қаласынан Абай облысының Аягөз қаласына көшіп келдік, – деді Рауан Көпбаев.
Рауан І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін «Қаржы және несие» мамандығы бойынша бітірген. Жаңа тұрғылықты жеріне келгеннен кейін ол мемлекеттік мекемеге бас бухгалтер болып жұмысқа орналасты.
Рауанның жұбайы бұрын «Бастау мектебі» ЖШС-де офис-менеджер болып жұмыс істеген, ал қазір декреттік демалыста. Ол «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өтіп, өзінің бизнес-жобасын сәтті қорғады. Жазда Көпбаевтар отбасы өз ісін ашу үшін 1 млн 476 мың 800 теңге көлемінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған грант иегері атанды.
Айта кетейік, жыл басынан бері 5 мыңға жуық адам қоныс аударды. Осы жылдың соңына дейін 9483 адамды көшіру жоспарланып отыр.