Тереңкөл ауданында шаруалар заманауи техника арқылы уақыт үнемдеуде

Қазір қожалықта 100-ге жуық адам жұмыс істеуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байханов Тереңкөл ауданына жұмыс сапарымен барып, ауыл шаруашылығының жағдайын біліп қайтты. Соңғы жылдары Қазақстанның ауыл шаруашылығы құрылымдары техникалық тұрғыдан жаңарып, еңбек өнімділігі едәуір артты.
Шаруа қожалықтарының өкілдері биылғы маусымға дайындық ерекше болғанын атап өтті.
– 1500 гектар жерде майлы дақылдар ұлғайып, төрт комбайын жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, Астанадан элиталық «Любава» бидай сорттары әкелініп, егіске пайдаланылған. Жаңа тұқымдардың ерекшелігі – қалдықтары шашылып кетпеуі және сапалы дән беруі. Мұндай элиталық сорттар гектарына 50-60 центнерге дейін өнім береді. Бұл көрсеткіш қарапайым тұқымға қарағанда әлдеқайда жоғары, – деді «Щербак» шаруа қожалығының басшысы Игорь Щербак.
Оның айтуынша, бар-жоғы 15 күн ішінде шаруалар шамамен тоғыз мың тонна бидай жинап, мол өнімге қол жеткізді.
Облыс әкімі Асайын Байханов ылғал үнемдеу технологияларының қолданылуына қызығушылық танытып, аграрлар бұған айрықша мән бергенін және де бұл тікелей өнімділікке әсер ететінін жеткізді.
– Бұл біз ойлап тапқан технология емес. Мұндай тәсіл халықаралық тәжірибеде дәлелденген. Дегенмен оны дұрыс әрі уақытылы пайдалану маңызды. Биыл ауа райы да қолайлы болды. Жаңа техниканың көмегімен уақыт үнемдеп, шығын азайттық, – дейді шаруашылық басшысы.
Бұрын бір алқапты жинауға апталар қажет болса, қазір небәрі бірнеше күнде толық әрі сапалы жұмыс жүргізіледі.
– Шаруашылықта қазіргі таңда 100-ге жуық адам еңбек етуде. Бұрын мұндай көлемдегі жұмысты атқару үшін 50-60 адамдық бригада қажет болса, жаңа техниканың арқасында қазір небәрі 20 адамнан тұратын топ жеткілікті, – деді Игорь Щербак.
Жұмысшылардың еңбегі бағаланып, лайықты жалақымен қатар, жыл сайын сыйақы беріледі. Бұл олардың ынтасын арттырып, еңбекке деген құлшынысын күшейтеді.
– Егер жұмыскерлердің еңбегі еленбесе, ол жерде тұрақтылық болмайды. Біз әр қызметкеріміздің жағдайына көңіл бөлеміз. Сондықтан да ұжымда ынтымақ пен түсіністік бар, – дейді шаруашылық жетекшісі.
Шаруашылық өкілдері алдағы уақытта егістік алқаптарын ұлғайтып, өнім көлемін арттыруды көздеп отыр. Жаңа сорттарды көбейту арқылы сапалы әрі мол өнім алуға ниетті.