Павлодарлық энергетик «Еңбек Даңқы» үшінші дәрежелі орденімен марапатталды
Ол жаңғыртылған турбоагрегаттардың жұмысын игеріп, жас мамандарға тәлімгерлік етеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, аталмыш марапатты 3-ЖЭО №3 цехының турбиналық жабдықтар бойынша 7-разрядты аға машинисі Қуаныш Айтжанов иеленді. Ерен еңбегі үшін марапатты облыс әкімінің орынбасары Серік Батырғожинов табыс етті.
– Мұндай марапатты алу мен үшін өте тосын әрі қуанышты жағдай. Жұмысыма көмектескені және көрсеткен сенімі үшін станция мен компания басшылығына алғысымды білдіргім келеді. Сондай-ақ қолдау көрсеткені және түсіністік танытқаны үшін туған-туыстарыма және жақындарыма алғыс айтамын. Отбасым мен компанияның сенімін ақтау үшін одан әрі де тырысатын боламын, – деді Қуаныш Айтжанов.
Энергетик еңбек жолын Павлодар ЖЭО-3-те 2012 жылы №3 турбина цехында турбиналық жабдықтар бойынша 4-разрядты айналма машинисі болып бастаған. 2017 жылы орталық жылу басқару қалқанының машинисі қызметіне ауысып, 2021 жылы 7-разрядты аға машинис лауазымына көтерілді.
Ведомствода атап өткендей, Қуаныш Айтжанов қысқа мерзім ішінде технологиялық процестерді автоматтандырылған басқару жүйесін пайдалана отырып, жаңғыртылған турбоагрегаттардың жұмыс режимдерін жүргізудің жедел әдістерін сәтті меңгерді. Ол бүгінде жас мамандарға тәлімгерлік етеді.