Павлодарлық «JEBE» қоғамдық ұйымына 10 жыл толды

Павлодарлық «JEBE» қоғамдық ұйымына 10 жыл толды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ұйым осы уақыт аралығында ірілі-ұсақты көптеген жобаларды қолға алып, жүзеге асырған, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кезінде жастық жалын, албырт көңілмен басталған жоба бүгінде ниеті бір, мақсаты ортақ, ұлттық мүдде жолында ұйысқан азаматтардан құралған іргелі қоғамдық ұйымға, жай ғана бірлестік емес, бір отбасына айналды. 

Иә, көзді ашып-жұмғанша 10 жыл да өте шығыпты. 2015 жыл. Көңілінде үлкен үміттің шырағы жанған, серті нық, сенімі берік жастар бір мақсат жолында тізе қосқан шақ еді. Бірі ұстаз, біразы журналист, кәсіпкер, мемлекеттік қызметшілер бар қатарында. Алғашқыда белсенді азаматтар болып бейресми жұмыс істедік. Кейін келе ресми түрде қоғамдық бірлестік тіркеп, оған «JEBE» деген ат қойып, айдар тақтық, – деп еске алады бірлестің төрағасы Данияр Жұмаділов. 

Ұйымның кейбір бастамалары аймақ шекарасынан шығып, республикалық, халықаралық деңгейге дейін көтерілді. Олардың қатарында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қолдап, оң бағасын берген «Мен қазақпын!» патриоттық жобасын, халықаралық деңгейдегі «Асық party» шарасын ерекше атап өтуге болады. Республикалық әдеби байқаулар, қаламгерлердің кітаптарын басып шығару, асық ату, жекпе-жек, садақ ату сияқты ұлттық спорт түрлерінен байрақты бәсекелерді ұйымдастырды. 

Сондай-ақ дарынды жастардың шығармашылығын қолдауға арналған «Томағатартар»,  аймағымыздың барлық қала, аудандарын, шалғай ауылдарын қамтыған «Ұлт болашағы – ұрпақ тәрбиесі», «Күйлер сөйлейді», «Ат үстіндегі әңгіме», Ұлыс күні қарсаңында жылдар бойы дәстүрлі жалғасып келе жатқан «Ең әдемі киім – ұлттық киім», «Көршіңмен көже іш», «Нақыш» сияқты басқа да түрлі жобалар көптің ықыласына беленді.

Бұдан бөлек, мемлекеттік тілді дамыту, ономастика мәселесінде де жігіттеіміз аянып қалмады. Жекелеген азаматтардың жағдайына байланысты, елімізде орын алған табиғи апаттар уақытында да қайырымдылық іс-шараларына белсене қатысып, бел ортасында жүрдік. Атқарылған жұмыстар мен жүзеге асқан жобаларды ұзақ тізбелей беруге болады, – деп атап өтті Данияр Жұмаділов. 

Ол осы жылдарда «JEBE»-мен бірге болған, «JEBE»-ге қолдау көрсеткен барша жанашыр азаматтарға алғыс білдіріп, алда мерейтойға қатысты бірқатар іс-шаралар жоспарланып отырғанын жеткізді. 

Бұл жұмыстардың барлығы дерлік – «JEBE»-лік азаматтардың жүрек қалауымен, қалталарындағы аз-кем қаражаттары мен күш-қайратын, алтын уақытын сарп еткен жанкешті еңбектерінің, толассыз ізденісінің жемісі. Он жыл – қоғамдық бірлестіктің ғұмыры үшін айтулы кезең және атап өтерліктей оқиға. Әуелден ұйымның негізін қалаған азаматтар бүгінде әр салада елге абыройлы қызмет етуде, – дейді бірлестік төрағасы. 

Еске сала кетейік, «JEBE» ҚБ 2024 жылы үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықақы жүлдегері атанған болатын.