Павлодарлық кәрістерге ұлттық мәдениет бұйымдары табысталды

Павлодарлық кәрістерге ұлттық мәдениет бұйымдары табысталды
Фото: Константин Шелков

Олардың арасында музыкалық аспаптар, би костюмдері мен ұлттық ойындар бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл сыйлықтар Қазақстан мен Корея арасындағы достық пен мәдени алмасудың белгісі ретінде, сондай-ақ Павлодар облысындағы кәрістердің қоғамдық қозғалысының мерейтойына орай тапсырылды.

Өңірлік «Соманг» корей ассоциациясының төрайымы Людмила Пактың айтуынша, биыл қоғамдық кәріс қозғалысының құрылғанына 35 жыл толып отыр.

– Біз халқымыздың дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтауға тырысамыз. Павлодар облысында кәрістер көп болмаса да, дәстүрлі би және барабан ансамбльдерінің шығармашылық ұжымдарын қайта жандандырып жатырмыз, – деді ол. – Біз мәдениетіміздің бай мұрасын сақтап, келер ұрпаққа жеткізуге күш салудамыз.

Соңғы халық санағы деректеріне сәйкес, өңірде шамамен 1078 кәріс ұлтының өкілі тұрады. Олардың мәдени өмірге қосқан үлесі елеулі.

Людмила Пактың айтуынша, «Достық үйінде» әртүрлі этностардың дәстүрлерін насихаттайтын жобалар жүзеге асырылуда. Сәуір айында екі павлодарлық мектеп кәріс халқының «Асянди» (сәбидің бір жасқа толуы) және «Хвангап» (60 жылдық мерейтой) дәстүрлерін көрсетті. Қатысушылар отбасылық салт-жораларды сахналап, қонақтарға корей дәстүрімен дәм ұсынып, ұлттық рухты танытты.

– Қазақстанда түрлі мәдениеттер мен этностардың қатар бейбіт өмір сүретінін көру – таңғаларлық құбылыс, – деді Корея Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің кеңесшісі Бон Чхоль Ку. – «Соманг» ассоциациясының 35 жылдығына орай сіздерге дәстүрлі музыкалық аспаптар мен ұлттық ойындарды тарту етіп отырмыз. Бұл сыйлықтар ұлттық дәстүрді жастарға жеткізуге сеп болады деп сенемін.

Айта кетерлігі, Корея Республикасының Елшілігі дәстүрлі кәріс биі мен барабанда ойнау өнері бойынша он күндік шеберлік курс ұйымдастырды. Ол «Достық үйінде» өтті. Курсты аяқтағандарға арнайы сертификаттар табысталды.

Кәріс ассоциациясы жанындағы «Саммари» ансамблінің жетекшісі Даяна Бейсенова бұл бастама төрт адамнан және классикалық барабан ансамблінен басталғанын айтты. Әр барабан табиғи құбылысты – күн күркіреуін, жаңбырды, желді бейнелейді.

– Біз – Қазақстанның солтүстік өңіріндегі осындай бағытта жұмыс істейтін жалғыз ұжымбыз. Алматыдағы кәріс мәдени театрының ұстаздарымен өткен шеберлік сағаты біз үшін үлкен тәжірибе болды: күніне бес сағат дайындалдық, уақыттың қалай өткенін де байқамай қалдық. Жинаған білімімізді алдағы концертте міндетті түрде көрсетеміз, – деді Даяна Бейсенова.

Мерекені қорытындылай келе, Людмила Пак мерейтойға орай бірқатар іс-шара жоспарланғанын, ең жақыны – Республика күніне арналған патриоттық ән байқауы болатынын атап өтті.