Павлодарлық кәсіпкер клиентінің есебінен баюды көздеген

Павлодарлық кәсіпкер клиентінің есебінен баюды көздеген
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жауапкерден сотпен несие сомасы өндірілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық сот баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін азаматтық істер жөніндегі сот алқасы Н.-ның «М» жеке кәсіпкерлігінен негізсіз баю сомасын өндіру туралы талап арызы бойынша істі қарады.

– 2023 жылдың қазан айында жәбірленуші банктен «Kaspi.kz» мобильді қосымшасы арқылы ЖК-дан қайық моторын сатып алуға жалпы сомасы 1,3 миллион теңгеге екі несие берген. Сатып алушы бұл соманы сатушының QR коды арқылы төлеп, ақша жауапкердің шотына аударылған. Алайда, тауар сатып алушыға өткізілмеген, – деп анықтады сот алқасы.

Сатып алушы аталмыш соманы өндіру туралы талап арызбен сотқа жүгінген. Бірінші сатыдағы сот талап арызды толық қанағаттандырды.

Жауапкер апелляциялық шағым түсіріп, бұл қарым-қатынас сату-сатып алу болып табылатынын түсіндіріп, негізсіз баюдың жоқтығын айтты. Ол алаяқтық жасаған басқа тұлғаға интернет-дүкенді жалға беруіне байланысты тауар берілмегенін түсіндірді.

Сот сатып алу-сату шарты жасалғанын, міндеттемелердің орындалмағанын, мұны жауапкердің өзі мойындағанын атап өтті. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес сатып алушы тауарды бермеген жағдайда аванстық төлем сомасын қайтаруды талап етуге құқылы.

Жауапкердің интернет-дүкенді жалға беру туралы уәждері және үшінші тұлғаның әрекеттері оны сатып алу-сату шарты бойынша талапкердің алдындағы міндеттемелерінен босата алмайды. Сот бірінші сатының шешімін өзгеріссіз қалдырып, жауапкердің шағымы қанағаттандырылмады.

Шешім заңды күшіне енді.