Павлодарлық Котенёвтер әулеті Монте-Карлоның сенсациясына айналды
Өнерпаздарды Монако ханшайымы, Гримальди әулетінің өкілі Стефания арнайы шақырған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Спортшылар беделді цирк әртістері фестивалінен Күміс клоун мүсінін жеңіп алып, екінші орынмен оралды.
Монте-Карлода өткен 48-фестиваль цирк әртістері үшін «олимпиада» әрі «әлем чемпионаты» саналады – манежге шығатын әрбір өнерпаздың асқақ арманы.
Котенёвтер отбасының цирк өнеріндегі танымалдылыққа жету жолы ұзақ болды. Әулет отағасы Илья Котенёвтің айтуынша, ол жасөспірім кезінде Cirque du Soleil шоуларын кассетадан көріп, бір күні сол сахнада өнер көрсетуді армандаған.

Илья – акробатикалық жолақта секіруден спорт шебері, оның жары Регина – спорттық акробатикадан спорт шебері, Азия чемпионы. Екеуі де бала кезінен бірге акробатикамен айналысқан. Ильяның спорттағы тәжірибесі мол: ол Лас-Вегаста Cirque du Soleil құрамында жұмыс істеді, Швейцарияда, Қытайда және Азияның өзге елдеріндегі цирктерде өнер көрсетті.


Ильяның әйелі Регина да цирк актрисасы болуды армандаған. Үш баланы дүниеге әкелсе де, ол спорттық бабына қайта оралып, арманына адал қалды.
– Бір кезде Ильяның әріптесі жарақат алды. Бұл екі жыл бұрын болған. Біз дуэт құрып, әуе жанрында – мачта мен сақинада – жаттыға бастадық. Бір мезгілде балаларды тәрбиелеп, әлеуметтік желілерді де жүргіздік. Алғашқы ірі келісімшарт Қытайда болды, dinner show форматында: көрермендер кешкі ас ішіп отырып, шоуды тамашалады. Би нөмірлерінің арасында цирк әртістері шықты, ал біз әуе сақинасы мен мачтадағы трюктерді көрсеттік. Бұл Шаньси провинциясындағы Тайюань қаласында, ірі индустриялық орталықта өтті, – дейді Регина.
2024 жылдың тамызында отбасы фестивальден «бақыт хатын» алды. Алдымен оны хатшы жазған шығар деп ойлаған, бірақ хаттың авторы фестиваль директорының өзі болып шықты. Ол отбасылық нөмірінің видеосын сұраған.

– Олар бізді қайдан тапқанын да білмейміз, – деп еске алады әртістер.
Сол кезде отбасы Қытайда жұмыс істеп жүрген.
– Біз арнайы лебёдка болмағандықтан видео түсіре алмайтынымызды айттық. Олар қайта жазды, бірақ Қытайда балаларды сахнаға шығаруға рұқсат бермегенін түсіндірдік, – деді Илья.
Кейін отбасы бірнеше айға елге оралып, содан соң екінші келісімшартпен Швейцарияға аттанды – бұл жолы қыздары Илианамен бірге. Олар елдің неміс тілінде сөйлейтін бөлігіндегі шапито циркте жұмыс істеді. Сол жерде жаңа нөмір дайындады: шашпен және тіс арқылы ілініп өнер көрсету, сондай-ақ әуе мачтасындағы нөмір.

Байланыс үзілгендей болды, бірақ көп ұзамай, дәл неке тойының жылдығын атап өтіп жатқан күні тағы хат келді.
– «Ертең сіздерге мистер Урс Пильц келеді, нөмірлеріңізді көреді» делінген. Біз оның кім екенін білмедік. Сөйтсек, ол – Монте-Карло фестивалінің вице-президенті, цирк әлеміндегі аса беделді тұлға екен. Жасы жетпістен асқан, барлық әртістер таниды, оның бізге келетініне сену қиын болды. Бірақ келесі күні ол шынымен келді. Бұл ертегі сияқты еді, – деп еске алады Илья мен Регина.
Шоудың алдында олар сөйлесті: мистер Пиль Монако ханшайымы Стефанияның, фестиваль президентінің тапсырмасымен келіп, әртістердің фестивальге лайық екенін жеке өзі тексермек болған. Өнер көрсетуден кейін ол: «Жақсы көріндіңіздер, фестивальге лайықсыздар», – деп кетіп қалды.
– Мистер Пильц ересектерге арналған нөмір ұсынды, онда Зара тосын сый ретінде шығып, бір трюк орындайды. Біз келістік. Нөмір сегіз минутқа созылды. Екі апта бойы жауап күттік, қатты уайымдадық, өзіміз де хат жаздық. Ол кезде Швейцарияда, кемпингте, автокөліктегі үйде тұрып жатқанбыз. Күн сайын әр аймаққа көшіп жүргендіктен қиын болды. Бірақ ақыры бізді 2026 жылға шақырды. Келісімшартқа қол қойып, дайындықты бастадық. Сингапурдан хореограф жалдадық. Репетициялар таңғы алтыда басталатын: Илиана пультке отыратын, біз жұмыс істейтінбіз. Уақыт айырмасына байланысты режиссер Сингапурдан қосылатын, – деп еске алады Илья.
Павлодарда отбасы «De Sport» спорт кешенінде жаттығады. Спортшы достары зал мен барлық қажетті жағдайды ұсынып отыр.


Нөмір отбасылық үйлесім мен сезім идеясына құрылған. Алдымен Регина әуе трюктерін орындайды, кейін Илья шығып, «ғашық болады», екеуі бірге шаш арқылы жасалатын акробатиканы көрсетеді. Содан кейін Зара шығады. Үшеуі бірге трюк орындайды: Илья оны аяғынан ұстап тұрады, Зара айналып, шпагат жасайды.
Монте-Карло залында көрермендер орындарынан тұрып қол соқты. 3200 адам көздеріне жас алып, ұзақ қошемет көрсетті.
– Бізде мұндай бұрын-соңды болған емес. Біз көрерменнің жүрегін тек шеберлікпен емес, жанымызбен де жауладық, – дейді әртістер.
Өнер көрсетуді ханшайым Стефанияның өзі тамашалады.
– Біз онымен таныстық, бірақ оның шынымен ханшайым екеніне бірден сене алмадық. Кездесу ресми емес болды. Ол бізді екі-үш жыл бойы, 2023 жылдан бері бақылап келеді, Instagram-да бізге жазылған. Ол ешкімге сыйламаған естелік сыйлықтарын табыстады. Біз лайықты болатынымызға сенді, – дейді Регина.

Осылайша Павлодардан шыққан отбасы цирк әлеміне танылды. Монте-Карло фестивалі – арманның шыңы сияқты көрінгенімен, олардың жаңа мақсаты бар: сол фестивальдегі балалар шоуына балаларын дайындау.
– Біз балалардың да сол жерде өнер көрсеткенін қалаймыз. Ұлымыз спортшы болуды армандайды, Зара мен Илиана – цирк әртісі болғысы келеді. Егер лайықты нөмір болса, үш жылдан кейін барамыз, – дейді Регина.
Котенёвтер отбасы әзілдейді: цирк әртісі болу – бақытты адам болу және күн сайын сүйікті іспен айналысу. Алда – Финляндия циркіндегі келісімшарт және балаларды дайындау. Ал оларды тағы да ханшайым Стефания күтіп тұр.
Фото: Константин Шелков және Котенёвтер әулетінің жеке мұрағатынан алынған.