Павлодарлық мектепте зияткерлік ойынға арналған кабинет ашылады
Шахмат кабинетінің ашылуына өңіріміздің зиялы қауым өкілдері қатысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Білім беру басқармасының мәліметінше, аталмыш іс-шараның салтанатты ашылу рәсімі 15 қазан күні Мәшһүр Жүсіп атындағы ЖОББМ-де ұйымдастырылады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 14 шілдедегі №576 қаулысымен бекітілген «Шахматты дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған Кешенді жоспары» шеңберінде «Білім берудегі шахмат» пилоттық жобасы іске қосылды.
Бұл жобаны Білім министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, жергілікті атқарушы органдар KazChess, «Freedom Broker» компаниясы және «Freedom Шапағат» корпоративтік қорының қолдауымен іске асыруда.
Пилоттық жоба балаларды шахматпен таныстыру және насихаттауға бағытталған. Мектептерде шахмат құралдарының толық жиынтығымен жабдықталған шахмат сыныптарын ашудан басқа, шахмат оқытушыларын тиімді оқытуға арналған білім беру бағдарламалары мен онлайн-платформа әзірленді.
Айта кетейік, еліміздің жеті өңірінде бастауыш сыныптардың мыңнан астам оқушысын қамтитын, болашақта кеңейту жоспарлары бар 42 шахмат кабинеті қатысуда.