Павлодарлық студенттер қазақ классикасының жауһарын сахналады

Павлодарлық студенттер қазақ классикасының жауһарын сахналады
Фото: Есенжол Исабек

Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклді «Актерлік өнер» мамандығы студенттерінің дипломдық жұмысы болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Торайғыров университетінің орындаушылық өнер кафедрасын тәмамдаған түлектер көрерменге қазақ классикасының жауһары – қазақтың халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасы негізінде қойылған спектакльді ұсынды.

Жас өнерпаздар үшін бұл үлкен шығармашылық сынақ болды. Олар актерлік шеберлікті ғана емес, ұлттық драматургия, сахна мәдениетін және классикалық жанрдың ерекшеліктерін терең меңгеруді талап ететін күрделі туындыны таңдады.

Қазақстанның мәдениет қайраткері, Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының актері Жұмахан Доспаевтың айтуынша, бұл – «Актерлік өнер» мамандығы бойынша үшінші түлектер легі.

– Алғашқы түлектеріміз Антон Чеховтың «Шағала» спектаклін қойған болатын. Сол кезде үш студент диплом алды. Олардың бірі шығармашылық жолын біздің театрда бастады. Қазір ол актриса ретінде еңбек етіп, режиссердің көмекшісі ретінде де тәжірибесін шыңдап жүр. Биыл бес студент оқуын аяқтап отыр, – дейді Жұмахан Доспаев.

Дипломдық спектакльді Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының бас режиссері Әділет Ақанов қойды.

– Биыл дипломдық жұмыс ретінде қазақ классикасын таңдадық. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклін және Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасын дайындадық. Классикалық жанрға басымдық бердік. Поэманың ұзақтығы шамамен қырық минут болса, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» – ауқымды көпшілік сахналарды қамтитын қойылым. Студенттер үшін бұл өте жауапты әрі күрделі жұмыс болды, – дейді актер.

Қойылым барысында сахнада бір мезетте оннан астам студент өнер көрсетті. Классикалық нұсқада спектакльге шамамен 30 актер қатысуы тиіс. Дегенмен театр шеберлері студенттік жұмыс үшін мұны ауқымды қойылым деп бағалайды. Болашақ актерлерге басқа курс студенттері көмекке келіп, тәжірибелерін молайтуға мүмкідік алды.

Спектакльдің тағы бір ерекшелігі – ұлттық музыкалық аспаптардың қолданылуы. Болашақ актерлер кейіпкерлер образын сомдау барысында дауылпаз, жетіген, домбыра, шертер, дауылпаз және сазсырнай аспаптарында ойнады.

Қойылым соңында студенттер «Ақ Баян» әнінен үзінді орындады. Бұған дейін бұл шығарманың классикалық қойылымдарында қазақтың халық аспаптары кеңінен қолданылмаған. Сондықтан, бұл шешім режиссерлік тың көзқарас пен шығармашылық эксперимент ретінде бағаланды.

Ғабит Мүсіреповтің бұл шығармасы қазақ театр өнерінің алтын қорына енген. Көп жағдайда махаббат туралы дастан деп аталатын «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қос ғашықтың қайғылы тағдырын баяндайды. Қойылым адалдық, сезімге беріктік, тағдырға қарсы тұру, сондай-ақ ашкөздік, сатқындық пен қатыгез салттарға қарсы күрес тақырыптарын көтереді. Сондықтан, студенттердің бұл туындыға жүгінуі дипломдық жұмыс қана емес, кәсіби тұрғыдан үлкен сын болды.