Павлодар облысында әйелдер күні мен Наурыз мейрамына орай қандай шаралар жоспарланған?
Қазіргі уақытта кешенді дайындық жұмыстары пысықталуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен апараттық жиында сөз болды. Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әлнұр Сейдумановтың айтуынша, мерекелік шаралар еңбек ұжымдары, білім беру ұйымдары, мәдени мекемелері мен қоғамдық кеңістіктерде өтеді.
- Жоспарланған іс-шаралар әйелдерге деген құрметті арттыру, отбасылық құндылықтарды насихаттау, ананың қоғамдағы және отбасындағы рөлін нығайтуға бағытталған. Әлеуметтік акциялар, қоғамдық орындарда гүл тарату, құттықтаулар ұйымдастыру және әлеуметтік желілерде бейнероликтер орналастыру жоспарланған. Сонымен қатар, «Автоледи», «Наурыз аруы», «Көктем аруы – 2026» конкурстары, пікірталастар, дөңгелек үстелдер, фотокөрмелер және спорттық жарыстар өткізіледі, - дейді Әлнұр Сейдуманов.
Өңірдегі барлық білім беру мекемелерінде «Жарық күнім – анашым» атты мерекелік бағдарламалар өтеді. Оның аясында оқушылар аналарға арналған концерттік бағдарламалар мен шығармашылық қойылымдарын ұсынады.
Павлодар қаласында «Маргаритари» әйелдер клубында «Ән шығармашылығы: бесік жырлары, балалық шақ әндері» тақырыбында кездесу, «Volunteer PVL» жобасы аясында «Сен үшін, ару» әлеуметтік акциясы, «She Power: шабыт күші» атты мотивациялық арт-кеш өтеді.
Сонымен қатар, Естай атындағы мәдениет сарайында халықаралық әйелдер күніне арналған облыстық салтанатты жиын және мерекелік концерт ұйымдастырылады. Қалалар мен аудандарда да салтанатты жиындар, мерекелік концерттер өтеді.
Басқарма басшысы Наурыз мерекесін атап өту жоспарымен де бөлісті. Шаралар барысында жасанды интеллект және цифрландыру мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылмақ.
- Осы ретте, Gov.kz мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасының негізінде «Digital Nauryz» парақшасын құру, eGovMobile қосымшасы арқылы орталық және өңірлік іс-шаралар туралы push-хабарламалар тарату, ЖИ тетіктерін пайдалану, сондай-ақ онлайн-трасляцияларды кеңінен қолдану көзделуде. Цифрлық платформалар арқылы онлайн-контент пен трансляциялар ұйымдастырылады, заманауи мультимедиялық форматтар енгізіледі. Ал ұлттық құндылықтар мен дәстүрлер жаңа технологиялармен ұштастыра ұсынылады, - дейді Әлнұр Сейдуманов.
Жалпы, 82 пункттен тұратын облыстық жоспар құрылды, оған коммуникативтік, мәдени-бұқаралық, спорттық және ақпараттық-имидждік іс-шаралар, сондай-ақ сауда-ойын сауық орталықтарындағы және Nauryz day-Nauryz Sale және маркет-плейстердегі акциялар кірді.
Ұлыстың ұлы күнін жаңа дәстүрдің мазмұнын идеологиялық мәнмен байыту үшін 14-23 наурыз аралығында ұйымдастырылатын Наурызнама онкүндігі түрлі форматта өткізу ұсынылған.
- 12 наурыздан бастап «Digital Nauryz» цифрлық платформасы іске қосылады, онда іс-шаралар кестесі, хабарландырулар, Наурызнама тарихы мен салт-дәстүрлер туралы бейнероликтер, тікелей трансляция, кері байланыс функциялары қарастырылған. 13 наурызға дейін барлық өңірлерде орталық алаңдар, саябақтар, көшелер, ғимараттар мен қоғамдық көліктер бірыңғай логотип үлгісінде мерекелік тұрғыдан безендіріліп, LED- экрандағы 3D-форматындағы сыртқы жарнамаға баса мән беріледі, - дейді басқарма басшысы.
Наурызнаманың әр күні төл мерекенің мәні мен мазмұнын тереңірек ашуға мүмкіндік береді. Мерекелік іс-шаралар шеңберінде республикалық референдум қарсаңында қоғамдық тұрақтылықты, заңдылық пен азаматтық жауапкершілікті нығайтуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарды күшейту көзделіп отыр.