Павлодарлық музыкант Италияда аналогы жоқ сырнайда «Адай» күйін орындады (ВИДЕО)

Павлодарлық музыкант Италияда аналогы жоқ сырнайда «Адай»  күйін орындады (ВИДЕО)
Фото: Мәди Ботагөзов ұсынды

Ертіс өңірінен шыққан Әлем чемпионы Олжас Нұрланов  Кастельфидардо қаласында халықаралық байқауға қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Музыкалық колледж-дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат» кешені халық аспаптары (орыс) бөлімінің меңгерушісі және баян сыныбының оқытушысы Мәди Ботагөзовтың айтуынша, сырнайшылар мен аккордеоншыларға арналған биылғы жылғы байқауға отыздан астам мемлекеттен келген  қатысушылар бақ сынаған. 

– Олжас Нұрлановтың санатында жарысқа 20-ға жуық адам қатысты. Үш турдың қорытындысы –  екі жеке және үшінші оркестрмен болған байқауда жерлесіміз екінші орын алып, «күміс» иегері атанды. Қазылар алқасы мен талғампаз тыңдаушылар сырнайшының жоғарғы шеберлік деңгейін ғана емес, сонымен қатар әр қойылымдағы әртістік шеберлігі мен сезімталдығын да атап өтті, – дейді Мәди Ботагөзов. 

Сонымен қатар сырнайшыны әйгілі Beltuna фабрикасына құрметті қонақ ретінде шақырды. Ол жерде музыкант өзінің үздік туындыларының бірі – Құрманғазының «Адай» күйін әзірге әлемде аналогы жоқ электронды сырнайда орындады. Аспапты жасау үшін Beltuna шеберлеріне жеті жылдан астам уақыт қажет болған. 

– Музыка әлемінде сенсацияға айналған сырнайдың жаңа моделінің тұсаукесеріне шақырту алу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл шын мәнінде тарихи оқиға, себебі жаңа аспапта орындаушылар үшін үлкен мүмкіндіктер ашады. Егер классикалық сырнайларда тек 15 дыбыстық регистр болса, Beltuna фабрикасының сырнайында регистрлардың саны жүзден асады. Бұл күрделі музыканы орындауға, көлемді текстураны қамтуға, сондай-ақ осы аспапқа арналған ерекше туындыларды дүниеге әкелуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті Олжас Нұрланов.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ᴛᴀɴɢʙᴏʟ (@tangbol_yerlik)

Сондай-ақ муызкант құрметті қонақ ретінде өзінің аспаптарымен әлемге әйгілі италиялық Pigini музыкалық фабрикасына барып қайтты. 

Белгілі музыкант Еуропада гастрольдік сапарда бірқатар концерттер берді.  Гастрольдер қыркүйек айының басында Босния мен Герцеговина қалаларынан басталған. Олжас Нұрлановты «Әлем Кубогы-2023» ұйымдастырушысы Славиша Перич шақырған. 

Еске сала кетейік, Олжас Нұрланов 1999 жылы Павлодар қаласында дүниеге келген. 6 жасында «Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернаты» кешенінің 1-сыныбына аккордеон сыныбына барған.