Павлодарлық студенттерді агроном мамандығы несімен қызық

Павлодарлық студенттерді агроном мамандығы несімен қызық

Жастар мамандықтың жалақысына ғана емес, агрономия саласына қызығады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Егістік науқаны кезінде студенттер 500 мың теңгеге дейін табыс таба алады.

Даниил Терещенко – ата жолын қууды ниет еткен азамат. Жастайынан егін алқабында жүріп, болашағын ауыл шаруашылығымен байланыстыруға ниетті.«Агрономия» мамандығы бойынша үшінші курста оқып жүріп-ақ, техниканы жетік меңгеріп алған. Қазіргі уақытта Сычевка ауылындағы отбасылық шаруашылықта атасының көмекшісі болып жүр.  

Даниил Қазақстан колледждерінің үздік студенттерінің қатарына еніп, колледж мақтанышына айналған. Сонымен қатар, аймақтық AgroSkills кәсіби шеберлік байқауында шеберлігін паш етті.

– Байқау колледж базасында өтті. Жүлдеге ілігуге тәлімгерлерім мен жинаған білімім көмектесті. Бәсекелестік күшті болды, бірақ, барымды салдым. Қазір астық сепкішті баптау, жеміс ағаштарына екпе салуды үйреніп алдым. Сонымен қатар, жерді дұрыс жырту, өңдеу, суару мен өнім жинау уақытын белгілеу дағдыларын меңгердім, – дейді студент.

Болашақ агрономға маңызды міндет жүктелген. Ол жер мен көкөністерге күтім жасап, қызылша, сәбіз және картоптың жақсы өсуін қамтамасыз ету үшін егістіктерді өңдейді.

– Мен агрохимияға қызығамын. Егіс науқаны қызып тұрған уақытта жерді дұрыс өңдеу, пестицидтер мен гербицидтер мөлшерін асырып алмау өте маңызды. Мен химикаттардың мөлшерін өлшеуде қателік жібермеуге тырысамын. Егер өңдеу мерзімін өткізіп алсаң, арамшөптер көбейіп, көкөніс өспей қалуы мүмкін. Бұл өнімділікке кері әсер етеді, – дейді Даниил.

Оның атасы – агроном, десе де, немересі сияқты білім алу мүмкіндігіне ие болмаған. Ал қазіргі жастарға  Ertis жоғары инновациялық аграрлы колледжінде сапалы білім алу үшін барлық жағдай жасалған.

Оқу орнының директоры Айгүл Байжұманованың айтуынша, оқу орнының материалдық-техникалық базасы жоғары білікті мамандарды даярлауға арналған заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. «Жас маман» мемлекеттік жобасы аясында «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» зертханасы қалпына келтіріліп, күрделі жөндеу жүргізіліп. Бүгінде бұл зертхана ауыл шаруашылығы саласындағы WorldSkills стандарттары бойынша кәсіби шеберлік чемпионаттарын өткізуге арналған өңірлік алаңға айналды.

– Бізде ТМД елдеріндегі осындай колледждер арасында теңдесі жоқ ветеринарлық оқу-зертханалық кешен жұмыс істейді. Мұнда кез келген күрделі ветеринарлық операциялар, жануарларға ультрадыбыстық зерттеу жасау және стоматологиялық қызметтер жүргізіледі. Колледжде студенттер «Агрономия» және «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандықтары бойынша тәжірибелік дағдыларын жетілдіретін оқу жер телімдері бар. Олар дәнді дақылдарды өсіру технологиясын меңгеріп, ашық топырақта көкөніс дақылдарын өсіру әдістерін меңгереді, – дейді колледж басшысы.

Бұдан бөлек, Даниил оқу орны аумағын көгалдандыру жұмыстарына белсене араласады. Ол курстастарымен бірге екі мыңнан астам петуния гүлін отырғызды.

Арнайы пәндер оқытушысы Гүлназ Тілеубердинованың айтуынша, колледжге тағы бір жылыжай қажет.

– Біз жылыжайды кеңейтуге өтінім бердік, өйткені көкөніс пен гүлмен шектелгіміз келмейді. Жаңа өсімдік сұрыптарын сынақтан өткізіп, өнім алғымыз келеді. Биыл сегіз мыңнан астам петуния мен көкөніс көшеттерін өсірдік, – дейді Гүлназ Тілеубердинова.

Студенттер мен оқытушылардың алдағы жоспарында биогумус өндірісін жолға қою бар. Биыл алғаш рет есінекгүл гүлдері отырғызылды.

Бүгінде оқу орны облыстағы барлық аграрлық колледждер үшін әдістемелік базаға айналды. Оның мақсаты – кәсіпорындар мен агроөнеркәсіптік кешендерге білікті жұмысшы мамандар даярлауға қолдау көрсету.