Инклюзивті білім: Павлодарда ерекше балаларға арналған семинар өтті
Іс-шараға қала мектептерінен 50-ден астам бастауыш сынып мұғалімдері қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, М. Әлімбаев атындағы жалпы орта білім беру мектебі КММ-де «Бастауыш мектептегі ерекше бала» атты семинар-практикум ұйымдастырылды.
Семинардың пленарлық бөлімінде қалалық бастауыш сыныптар бойынша білім беру бөлімінің әдіскері Шолпан Қайырғазина қазіргі қоғамның талаптарына жауап беру үшін мектептердегі инклюзивтік білім берудің маңыздылығын айтты. Сонымен қатар инклюзивтік практиканы дамытып, инклюзивтік білім беру мәдениетті қолдау керектігін айтты.
Оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Илмира Оспанова мектептегі педагог-психологтік кеңес жұмыстары туралы баяндады. Педагог-психологтер мұғалімдермен «Нейрожаттығулар» тренингін өткізді. Айта кетейік, нейрогимнастикалық жаттығулар мидың қос аумақтарында біркелкілікті, шағын моториканы, ептілікті, координацияны, зейін мен жадыны, сөйлеу мен ойлау қабілетін дамытады.
Бұдан бөлек, Алматы қаласында Ағарту министрлігі ұйымдастырған қайта даярлау курсында даярлықтан өтіп келген педагог-ассисент Гүлдана Абжатова білім алушылармен жұмыс жасау барысындағы тәжірибесімен бөлісті.
Практикалық бөлігінде іс-шара қатысушыларына шеберлік сағаттары болды. Барлық педагогтер ерекше білімді қажет ететін білім алушылармен жұмыс барысында қолданатын әртүрлі әдістер мен тәсілдерін жоғары деңгейде көрсете алды.
Сондай-ақ, қатысушыларға өз жұмыстарында одан әрі пайдалану үшін әдістемелік ұсыныстар берілді.