Павлодарлық суретшілердің көрмесі Таразда қойылды

Көрмеге 30 кескіндеме және сәндік-қолданбалы өнер туындылары қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Н.Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінің мәлімдеуінше, 25 қазан - Республика күні және ҚР Суретшілер одағының 90 жылдығына орай бүгін Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің көркемсурет галереясында «Қазақстан тарихы және қазіргі заман» атты павлодарлық суретшілер көрмесінің тұсаукесері өтті.
- Көрмеде 30 кескіндеме және сәндік-қолданбалы өнер туындылары орын тапқан. Сонымен қатар, Ертіс жағалауында орналасқан қаланың көріністері мен таңғажайып табиғатымен танымал ұлттық қорық - Баянауылда жасалған пленэрлік туындылардан құралған, - делінген хабарламада.
Көрменің ашылуына Жамбыл облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мадиева, Павлодар облыстық көркемсурет музейінің басшысы, Ақертіс Солтанбаев, профессор, академик Айдархан Сихаев және ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Рахат Сапаралиеваның қатысуымен басталды. Сонымен қатар, мәдени шараға отандық бейнелеу өнеріне еңбегі сіңген ҚР Суретшілер одағының мүшелері, қылқалам шеберлері, павлодарлық дарынды суретшілер қатысты.
Шара барысында, Ертіс өңірінің суретшілері жоғары шығармашылық және кәсіби деңгейін көрсете отырып, тарих пен мәдениеттің заманауи көрінісі мен жаңа түсінігін бейнелейтін туындыларды көрермен назарына ұсынады.