Павлодарлық суретшінің жұмыстары әлем музейлерінде сақтаулы

Павлодарлық суретшінің жұмыстары әлем музейлерінде сақтаулы
Фото: автор

Қазіргі таңда шебердің мыңға жуық жұмысы бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Көркем Академиясының академигі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісінің иегері Өсербай Шоранов Ақсу ауданына қарасты бұрынғы Ермаковский совхозында дүниеге келген. Жамбыл Жабаев атындағы орта мектепте оқыған кезінен бастап суретке деген ерекше қабілеті байқалған.

Ол мектеп қабырға газетін шығарып, түрлі бейнелер салумен айналысқанын еске алды. 10-сыныпта берілген тапсырма оның өмірін өзгерткен маңызды сәт болғаннын еске алды.

– Мұғалімдер маған Жамбыл Жабаевтың портретін үлкен форматта қайталап салуды тапсырды. Сол суретімді көрген ұстаздарым: «Сенің жолың – өнер» деп, Алматыдағы көркемсурет училищесіне бағыттады, – деді Өсербай Шоранов.

Мектеп бітірген жылы емтихан мерзіміне үлгермеген Өсербай Шоранов Ақсудағы техникумда бір жыл оқуға мәжбүр болады. Кейін дайындалып, Алматыдағы Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне қабылданды.

Оқуын тәмамдаған соң оның қабілетін жоғары бағалаған ұстаздар Мәскеудегі әлемге әйгілі Суриков атындағы көркемсурет институтына шақырған.

– Барғым келді. Бірақ ата-анамның жасы ұлғая берді. «Еліңе орал, алған білімің жеткілікті» деп кеңес берді. Өзім де үйленген едім. Сол себепті туған ауылға қайтып, бес жыл бойы мектепте сурет пен сызудан сабақ бердім, – дейді суретші.

Ұстаздық қызметтен кейін суретші Павлодар қаласына қоныс аударып, шығармашылық жолын жалғастырған. Ол облыстық, республикалық және халықаралық көрмелерге қатысып, есімі кеңінен танылды.

Қылқалам шеберінің бірқатар туындылары Қазакстан, Ресей, Грузия, Италия, Франция, Югославия, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Норвегия, Башқұртстан музей жинақтары мен жеке коллекцияларда сақтаулы тұр.

Өсербай Шорановтың сөзінше, ол жыл сайын түрлі симпозиумдар мен көрмелерге қатысып, өңірдің көркемсурет өміріне үлкен серпін беріп келеді.

Суретші тарихи тақырыптарға жиі тоқталады. Оның қолынан туған портреттер қатарында: Қаныш Сәтбаев, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп, Фариза Оңғарсынова сияқты ірі тұлғалардың бейнелері бар.

Сондай-ақ оның табиғат көріністері – көрермендер арасында ерекше сұранысқа ие. Баянауыл, Жасыбай, Маңғыстау, Шалдай сияқты өңірлердің пейзаждары шығармашылығындағы негізгі бағыттардың бірі. 

– Табиғат – үлкен шабыт. Ашық аспан астында отырып салған сурет ерекше менің жанымды жылытады. Сол жерде адам жан дүниесін тыңдайды, сезеді, ойланады. Мен үшін бұл табиғатпен сырласу секілді күй кешемін, – дейді  Өсербай Шоранов. 

Шебердің пікірінше, нағыз суретші болу үшін ең алдымен талпыныс пен шынайы ықылас қажет.

– Бұл кәсіпке «көрейін» деп келуге болмайды. Еңбек, шыдам, намыс, жан дүниенің тазалығы керек. Мұғалім де, оқу орны да кейінгі орында. Ең маңыздысы – ішкі құштарлық, – деді ол. 

Қазіргі таңда шебер зейнет жасына шықса да өз өнерін тастаған емес. Оның қазірге дейін мыңға жуық суреттері бар.