Павлодарлық кәсіпкер 1000-ға жуық ерекше балаға көмектесті
Ерекше балаларға арналған сөйлеуді дамыту орталығы елімізде бес қалада жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кәсіпкер Күміс Тілеуқызы 2020 жылы Павлодар қаласында логопедия орталығын ашқан. Бұдан әрі нутрициология мамандығын игеріп, баласының денсаулығын жақсартуға қол жеткізген.
– Мен өзім ерекше баланың анасымын. Қызымның көзіне 11 рет ота жасалды. Ота кезінде наркоз қолданғандықтан, кейін сөйлеудің дамуына қатты әсерін тигізді. Бұл жағдайдан кейін Мәскеу, Алматы және Астана қалаларында орналасқан сөйлеуді дамыту орталықтарының табалдырығын тоздырдық. Алайда ол жақтағы мамандардың балалармен жұмыс істеуі көңілімізден шықпады. Бұған қоса, ем бағасының қымбатқа түсуі ауыр салмақ болды, – деді Күміс Тілеуқызы.
Ол басынан көптеген қиындықтарды өткергеннен кейін Павлодар қаласында ерекше балалардың жағдайын оңалтуға арналған орталық ашуға бел байлаған. 2021 жылы бес миллион теңге мемлекеттік грант ұтып алып, жаңа терапияға қажетті құрал-жабдыққа жұмсаған.
– Біздің әр орталықта «Томатис» аппаратымен жұмыс істейтін екі маман бар. Олардың барлығы Франция мамандарынан білім алған. Арнайы тест тапсырған сертификатталған мамандар, – деді спикер.
Орталық директорының айтуынша, «Томатис» терапиясы сөйлеу немесе психикалық дамуы тежелген, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың сөйлеуін дамыту үшін қолданылады. Есту жаттығулары кезінде бала арнайы құлаққаптар арқылы музыка тыңдайды. Осылайша баланың есте сақтау қабілетін, сөйлеу қабілетін, есту қабілетін дамытып, қан айналымын жақсарады.
– Біздің орталыққа психиалық функцияның бұзылуы, тілінің мүкісі бар, аутизм, церебральды сал ауруы, зейін тапшылығының гиперактивтілігінің бұзылуы сияқты диагноздары қойылған балалар келеді. Бүгінде Павлодар қаласының өзінде аталған диазгноздар қойылған 200-ден астам бала есепте тұр, – деді орталық басшысы.
Бүгінде кәсіпкерлік пен нутрициология мамандығын қатар алып жүрген Күміс Тілеуқызы баланың сөйлеуінің тежеуіне күнделікті жеп жүрген тағамдар да әсер ететінін жеткізді.
– Маған Атырау қаласынан бір ата-ана «Балам жата береді, сөйлемейді» деп қоңыру шалды. Балаға кішкентай кезінде балықты көп береген, ал балықтың құрамында көптеген паразиттер бар. Бұл өт қабында кистаның өсуіне әкеп соққан. Яғни қазіргі таңда балалар зиянды тамақтарды жеуге құмар. Ал бұл асқазан ауруларына, аутизмге әкеп соғады. Сондықтан баланың күнделікті жейтін тамағын қадағалау маңызды, – деді ол.
Қазіргі таңда «Томатис» терапиясы арқылы балалардың сөйлеу қабілетінің дамуына әсер етіп жүрген орталық Павлодар, Астана, Ақтау, Атырау және Қарағанды қалаларында жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, 1000-ға жуық баланың ата-анасы ризашылықтарын білдірген.