Павлодарлық тарихшы Бейбарыс дәуірінің беймәлім қырларын ашты
Ғалым зерттеуіндегі жеке тақырыптардың бірі — қазақ тілінің бастауында тұрған қыпшақ тілі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Тарих ғылымдарының магистрі, павлодарлық тарих пәнінің мұғалімі Ғабит Жұматов өзінің диссертациялық жұмысында туған даласынан мыңдаған шақырым алыста ортағасырлық Мысырдың билеуші әскери элитасын қалыптастырған Дешті Қыпшақтан шыққандардың мәдени болмысын сақтау тетіктерін зерттеді.
Зерттеу мәмлүктер мен шыққан тегі қыпшақ ортасымен байланысты Бейбарыс сұлтанның тарихына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Ғалымның еңбегінде көрсетілгендей, дала дәстүрлері алыстағы отанын сағынумен ғана шектелмеген. Мысырда мәмлүк элитасына өзінің тілдік, әлеуметтік және мәдени ерекшелігін сақтауға мүмкіндік берген тұтас жүйе қалыптасқан.
Ең таңғаларлық деректердің бірі тілге қатысты. Қыпшақ диалектісінің билеуші әскери корпорация ішіндегі маңызы соншалық, жергілікті араб-копт шенеуніктерінің өзі элитаның әрекеті мен ниетін түсіну үшін оны үйренуге мәжбүр болған. Диссертацияда Ибн Тағрибирди жылнамасынан мәмлүк болып көрінуге тырысқан әмір Мұхаммед әл-Халаби туралы оқиға келтіріледі. Алайда ол түркі тілінде бірде-бір сөз білмегендіктен, мақсатына жете алмаған. Зерттеуде айтылғандай, ән-Насыр Мұхаммед сұлтан әмірлермен тек түркі тілінде сөйлесуді жөн көрген.
Мәмлүк билеуші тобының отбасылық өмірі де өзгеше болған. Ән-Насыр Мұхаммед сұлтанның тұсында дала өңірлерінен қыпшақ текті әйелдер отырған «қалыңдық керуендері» келіп тұрған. Олар Қара теңіз порттары арқылы жеткізілген. Сұлтандар әскери элита өкілдерінің отбасыларында түркітілді әрі мәдени жағынан жақын ортаны сақтау мақсатында өз әмірлеріне қалыңдықтарды жеткізуді жеке ұйымдастыра алған.
Дала мұрасы күнделікті ас мәзірінен де көрініс тапқан. Каир цитаделінде жылқы етін жеп, қымыз ішкен. Жылнамашылардың деректеріне сүйенсек, бұл сусын ресми қабылдауларда ұсынылып, жауынгерлік рухты нығайтатын тағам ретінде бағаланған. Диссертацияда Бейбарыс сұлтанның мерекелік дастарқандар үшін жылқы союға өзі қатысқаны туралы мәлімет те келтіріледі. Мұндай дәстүр жергілікті араб элитасының тағамға қатысты түсініктерінен айтарлықтай ерекшеленген.
Мәмлүк жүйесіндегі тағы бір парадокс — әскери қолбасшылардың өз ұлдары әкелерінің мәртебесін автоматты түрде мұра ете алмаған. «Авлад ан-нас» деп аталған мәмлүк ұрпақтары еркін адамдар болып туған және арнайы әскери тәрбие мен мәмлүк қатарына қабылдау рәсімінен өтпеген. Сондықтан олар жоғары мәмлүк әскери корпорациясының толыққанды мүшелері саналмаған. Ал бұл корпорацияны толықтырып отыру үшін Мысырдан тыс аймақтардан жаңа жауынгерлердің тұрақты келуі қажет болған.
Бұл жүйеде Алтын Ордамен қарым-қатынастың орны ерекше еді. Бейбарыс сұлтан мен Берке хан арасындағы одақтың әскери-саяси және діни маңызымен қатар, өзге де қыры болды. Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда аумағы Мысырдың әскери элитасын толықтыратын жаңа жауынгерлердің маңызды көзі болып қала берді. Екі мемлекет арасында дипломатиялық байланыстар орнап, хат алмасу, елшіліктер жіберу және сауда қатынастары жүргізілді.
Зерттеу авторының пікірінше, тілдік оқшаулану, жабық әскери тәрбие жүйесі, некелік дәстүрлер, күнделікті мәдени тәжірибелер және дала өңірлерімен тұрақты байланыстардың үйлесуі мәмлүктерге өздерінің корпоративтік болмысын ұзақ уақыт бойы сақтауға мүмкіндік берген.
Сонымен қатар зерттеуші мәмлүктердің қыпшақтық шығу тегі мен саяси тиесілігін ажырата қарау қажеттігін атап көрсетеді. Мәмлүк сұлтанаты қазіргі түсініктегі қазақ мемлекеті болған жоқ. Алайда оның билеуші элитасының тарихы — түркі-қыпшақ әлемінің ортақ тарихи мұрасының маңызды бөлігі әрі Ұлы даланың ортағасырлық Таяу Шығыс тарихына қаншалықты зор ықпал еткенінің айғағы.
Ғабит Жұматов Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің атынан Түркияда ғылыми тағылымдамадан өткен. Тағылымдама қыпшақтардың тарихы мен мәдени мұрасын зерттеуге арналды. Бұл тәжірибе оған Дешті Қыпшақ пен мәмлүк Мысыр арасындағы тарихи байланыстарды тереңірек зерделеуге мүмкіндік берді.
Ғабит Жұматовтың диссертациясында мәмлүк феномені тек әскери құлдық пен жекелеген сұлтандардың билікке көтерілу тарихы ретінде ғана емес, сонымен қатар мүлде басқа өркениеттік ортада өмір сүрген дала өкілдерінің корпоративтік болмысын сақтаудың бірегей үлгісі ретінде қарастырылады.
Зерттеудің өзектілігін арттыра түсетін тағы бір жайт — алдағы мерейтойлық дата: 2027 жылы Мысырдағы мәмлүк мемлекетінің ең әйгілі билеушілерінің бірі, сұлтан Бейбарыстың қайтыс болғанына 750 жыл толады. Бұл дата оның тарихи мұрасына және Дешті Қыпшақтан шыққан тұлғалардың ортағасырлық Шығыс тарихындағы рөліне деген қызығушылықты арттыра түспек.