Павлодарда дәмханада жүрген қыздың анасы жазаланды
Кафе әкімшілігі де жауапкершіліктен құтылған жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері 1894 заңды өкіл және ойын-сауық орындарының 46 иесі кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
– 38 жастағы қала тұрғыны өзінің 16 жастағы кәмелетке толмаған қызын түнгі уақытта ойын-сауық мекемесінде, дәлірек айтсақ, дәмханада заңды өкілдерісіз жүруіне рұқсат берген. Анасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Әкімшілікке қатысты ҚР ӘҚБтК 132-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды, – деді департаментте.
Естеріңізге саламыз, жасөспірімдердің түнгі серуендеуі ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін, оларға қатысты заңсыз әрекеттер жасалуы немесе өздері құқық бұзушылық жасауы мүмкін екенін ата-аналары ұмытпауы керек.
Кәмелетке толмағандар сағат 23.00-ден 6.00-ге дейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз көшеде бола алмайды. Тіпті үйдің кіреберісінің жанындағы орындықта отыру немесе қоқысты шығаруға да рұқсат берілмейді. Ал ойын-сауық орындарында кәмелетке толмағандар сағат 22.00-ге дейін болуы мүмкін. Бұл кафе-мейрамханалар, кинотеатрлар, интернет-кафелер, компьютерлік, боулинг-клубтар және театр, спорттық, мәдени-демалыс мақсатындағы басқа да мекемелер.