Павлодарлық тарихшы: Шашбаудың сыңғырынан қыздың мінезін білуге болады
@Pavlodarnews.kz тілшісі өрілген шашқа тағылатын ұлттық әшекейдің денсаулыққа пайдасын анықтап, білді.
Шашбау – өрілген бұрымның ұшын бекіту үшін алтын, күміс тиындармен безендірілген металл медальондар түріндегі салпыншақ. Павлодар облыстық Потанин атындағы тарихи-өлкетану музей қорларының бас сақтаушысы, тарихшы Әлия Жомартованың айтуынша, ұзын шаш – қыз сұлулығының айнасы ретінде болды.
– Ежелден қазақ мәдениетінде адамның барлық күші шашында сақталып тұрады деп саналды. Сондай-ақ, шашбау жын-шайтандарды қашыру үшін тағылған деген наным-сенім қалыптасқан,– деді Әлия Жомартова.
Шашбау шашпен бірге өріліп, қозғалған кезде әуезді дыбыс шығарады. Ерте заманда тиындармен безендірілген шашбау жібек шашақтармен немесе күміс салпыншақтармен аяқталып, бұрымның түбіне бекітіліп, төмен қарай шаштың ұшына дейін түсіп тұрды.
– Жас қыздар шашбауды зұлым рухтардан қорғану үшін ғана емес, бойын тік ұстап, омыртқасы майыспай, тұла бойы көркем болып жетілуіне әсер ету мақсатында таққан. Шашбаудың сыңғырлауы қыздың жүрісіне байланысты болған. Ауыр шашбаудан өте қатты, әуезді дыбыс шығатын. Оған сүйеніп, қыз баяу, биязы жүруі керек еді, – деді Әлия Жомартова.
Оның сөзінше, жігіт қызбен кешкі уақытта кездесуге шыққан кезде шашбаудың сыңғырынан сүйіктісін танитын.
Айта кетейік, шашбау әйел шашының өсуіне ықпалын тигізеді және массаж жасайды.
Облыстық өлкетану мұражайының қорларында астаналық зергер Берік Әлібайдың тізбектелген күмісті шашбаудың бірнеше жұмыстары сақталған. Олар күміс монеталарымен безендірілген.