Павлодарлық университетте студенттерге ноутбуктер табысталды

Сыйлықты мемлекеттік грант иегері атанған бірінші курс студенттері иеленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгін Инновациялық Еуразия университетінде (ИнЕУ) мемлекеттік грантқа түскен бірінші курс студенттеріне ноутбуктер табыстау рәсімі өтті.
– Салтанатты шарада 33 студент заманауи ноутбуктерге ие болды. Олардың көпшілігі «Ақпараттық жүйелер», «Электроэнергетика» және «Ветеринариялық санитария» сияқты мамандықтар бойынша білім алуда. Университет ректоры Чингиз Макенов студенттерді оқуға түсулерімен құттықтап, бұл сыйлықтың маңыздылығын атап өтті. Ректордың айтуынша, қазіргі цифрлық заманда ноутбук – оқу үрдісінде таптырмас құрал. Ол студенттерге курстық және дипломдық жұмыстарын, үй тапсырмаларын орындауда үлкен көмек береді. Сонымен қатар, табысталған ноутбуктер әр студенттің жеке меншігінде қалады, – деді университеттің баспасөз қызметі.
Жиынға оқытушылар, декандар, кафедра меңгерушілері, жоғары курс студенттері және ата-аналар қатысып, студенттерге жылы лебіздерін білдірді. Қызылорда облысынан келіп, «Ветеринариялық санитария» мамандығына грантқа түскен студент Меруерт Ерболатқызы сөз сөйлеп, ИнЕУ-де білім алу мүмкіндігіне және көрсетілген қолдауға алғысын білдірді.