Павлодарда Есентай Ерботин оқуларының жеңімпаздары марапатталды
Финалда іріктеуден сүрінбей өткен сегіз қатысушы бақ сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист Есентай Ерботин атындағы оқушылар арасында дәстүрлі мәнерлеп оқудан облыстық байқаудың қорытынды марапаттау кеші өтті.
Байқаудың басты мақсаты – балалар ақыны Есентай Ерботиннің әдеби мұраларымен танысу, өскелең ұрпақты патриоттық, азаматтық және эстетикалық тәрбиелеу, этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруіне жағдай жасау.
Байқаудың шарты бойынша мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдерінің 7-12 жас аралығындағы 2-6-сынып оқушылары Есентай Ерботиннің шығармаларынан бір өлең және балалар ақыны Қабдыкәрім Ыдырысовтың шығармасынан бір өлең оқуы керек болды.
– Бұл байқау екі жылда бір рет өткізіліп тұрады. Бастапқыда 30-дан астам өтініш түсті. Іріктеу бөліміне мемлекеттік тілде және орыс тілінде білім алатын мектептерден бір-бір оқушы қатысты. Финалда іріктеуден сүрінбей өткен сегіз қатысушы бақ сынады, – деді бұқаралық-ұйымдастыру бөлімінің басшысы Жанар Оспанова.
Жүлделі орындарға ие болған қатысушыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Қазақ тілінде білім алатын сыныптардан № 21 ЖОББМ 4 «а» сынып оқушысы Данеля Тұрсынова, № 38 негізгі жалпы білім беру мектебінің 5-сынып оқушысы Мұхан Нұрахмет, Қалижан Бекқожин атындағы ЖОБМ 4 «ә» сынып оқушысы Серік Кәусар, № 25 ЖОБМ 4 «б» сынып оқушысы Ибраһим Алпысбайұлы, орыс тілді білім алатын сыныптардан № 39 ЖОБМ 3 «в» сынып оқушысы Саид Смағұлов, М.Әлімбаев атындағы ЖОБМ 4 «в» сынып оқушысы Михаил Ивченко, № 29 ЖОББМ 5 «д» сынып оқушысы Елизавета Тараканова, № 15 ЖОББМ 5 «а» сынып оқушысы Михаил Гергерт марапатталды.