Павлодарлық жұмысшы мамандық иелері жеңілдікпен баспанаға қол жеткізе алады
 
                                    Екі ипотекалық бағдарлама қарашада іске қосылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар бастамаларын дамыту орталығында «Отбасы банк» облыстық филиалының ұйымдастыруымен жұмысшы мамандық иелеріне арналған жаңа тұрғын үй бағдарламалары таныстырылды. Іс-шара Мемлекет басшысының ағымдағы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына орай ұйымдастырылды.
Форум барысында банк өкілдері еңбек адамдарына «Корпоративтік» және «Наурыз Жұмыскер» бағдарламалары туралы айтып берді. Бұл бастамалар жұмысшы мамандық иелеріне жеңілдетілген шарттармен баспана алуға мүмкіндік береді.
«Корпоративтік» бағдарламасы жұмыс берушілер мен ұйымдардың қызметкерлеріне арналған. Бағдарламаның мақсаты – жұмыс берушілерге өз қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз етуге жағдай жасап, кадр тапшылығын азайту.
Бағдарлама шеңберінде жұмыс беруші мен «Отбасы банк» арасында арнайы келісім жасалады. Ұйым ішінде тұрғын үй комиссиясы құрылып, ол қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына, балаларының санына және тұрғын үйінің бар-жоғына қарай үміткерлерді анықтайды.

Бағдарламаға ірі, орта және шағын бизнес ұйымдары да қатыса алады. Қызметкерлерге жеңілдетілген несие беріледі. Несие мөлшерлемесі бес пайызға дейін төмендетіледі. Егер ұйым жинақтық жалдау жүйесін қолданса, мөлшерлеме үш жарымнан бастап, бес пайызға дейін болуы мүмкін.
– Қазіргі таңда біздің серіктестеріміздің қатарында ERG, «Богатырь Көмір», «Қазақстан алюминийі» және өңірдің басқа да өндірістік кәсіпорындары бар. Бұл бағдарлама жұмыс берушілер үшін де, қызметкерлер үшін де тиімді. Жұмысшылар баспаналы болып, ұйымдар тұрақты кадрға ие болады, – деді «Отбасы банк» облыстық филиалының бизнес-даму бөлімінің басшысы Арман Нұрғаламов.
Екінші жоба – жеке тұлғаларға арналған «Наурыз Жұмыскер» бағдарламасы. Ол тек жұмысшы мамандық иелеріне қолжетімді. Бағдарламаның мақсаты – еңбек адамдарына тиімді шарттармен баспана алу мүмкіндігін ұсыну.
Өтінім берушінің және оның отбасы мүшелерінің атында соңғы бес жылда тұрғын үй болмауы тиіс. Қатысушы жұмысшы мамандығының иесі болуы керек. Мамандықтар тізімі «hcsbk.kz» сайтында жарияланған. Өтінім «baspana.market» сайты арқылы жеке түрде беріледі.
Пәтер дайын түрде болса бастапқы жарна он пайыз, ал жөндеу жұмыстары жасалмаған болса 20 пайыз көлемінде белгіленеді. Несие мөлшерлемесі тоғыз пайызды құрайды. Әлеуметтік санаттағы азаматтар үшін мөлшерлеме жеті пайыз болады.

Бағдарлама бойынша тұрғын үйді Астана, Алматы және облыс орталықтарында тек алғашқы нарықтан сатып алуға рұқсат етіледі. Ал моноқалаларда, яғни Ақсу мен Екібастұзда, сондай-ақ аудан орталықтарында екінші нарықтан да баспана алуға болады. Несиенің ең ұзақ мерзімі 19 жыл.
– «Наурыз Жұмыскер» бағдарламасы еңбек адамдары үшін тиімді мүмкіндік. Біз жұмысшы мамандық иелерін тұрғын үймен қамтамасыз етіп, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлес қосқымыз келеді, – деді Арман Нұрғаламов.
Форумға аймақтың жүзден астам кәсіпорындары мен ұйымдарының өкілдері қатысты. Сонымен қатар іс-шарада өңірдегі құрылыс компанияларының жаңа тұрғын үй жобалары таныстырылды. Айта кетейік, өтінімдерді қабылдау қарашаның үшінен басталады.
 
                         
 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
    
             
    
             
    
             
    
             
    
             
    
             
    
 
    
 
    
 
    
 
         
    
                                        
                                     
    
 
    
 
    
