Павлодарлық жас күйші Түркияда өткен халықаралық байқауда Бас жүлде алды
Ол М.М. Катаев атындағы Оқушылар сарайының «Мұрагер» домбыра ансамблінің тәрбиеленушісі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жас өнерпаз Мейірбек Қылышбек Түркияда өткен халықаралық «Шабыт.kz» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы байқауының финалдық кезеңіне қатысып, 1200 қатысушының арасынан озық шыққан.
– Мейірбек байқауға алғаш рет 2025 жылдың қараша айында республикалық қашықтықтан іріктеу кезеңі арқылы қатысқан. Сол кезде ол қазақтың «Науаи» күйін орындап, Гран-при иегері атанып, халықаралық финалға жолдама алған болатын, – деді Оқушылар сарайының баспасөз қызметі.
Биыл жас домбырашы Түркия сахнасында қазақтың қара домбырасын күмбірлетіп, ұлттық өнерді халықаралық деңгейде танытты.

– Күмбірлеген күй мен ұлттық рухқа толы орындау түрік көрермендерінің ерекше ықыласына бөленді. Мейірбек сахна төрінде ұлы мұрамыз – «Науаи» күйін орындап, қазақ өнерінің тереңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді, – деді мекеме қызметкерлері.
Жас күйші домбыраны тоғыз жасынан бастап қолға алған. Анасы Назгүл Ерлашқызының айтуынша, баласының өнерге деген қызығушылығы ерте байқалған.
– Баламның домбыраға деген ынтасын ерте байқадым. Нағашы жұртынан дарыған өнер болар деп ойлаймын. Қазір Мейірбек 25-тен астам күй орындайды. Болашақта үлкен өнер жолын қуады деп сенеміз, – дейді анасы.
Қазіргі таңда Мейірбек Қылышбек тек отбасының ғана емес, өңірдің де мақтанышына айналып отыр.