Павлодарлық жастар мемлекеттік бағдарламалар арқылы мансаптарын бастауда

Жас түлектердің басты мәселелерінің бірі – жұмыс тәжірибесінің жоқтығы. Қалада бұл түйткіл мемлекеттік жастар практикасы бағдарламасы арқылы шешілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мансап орталығының Павлодар филиалының басшысы Сүйіндік Бөтеновтің айтуынша, жастар тәжірибесі – мансаптың алғашқы қадамы. Мемлекет жас мамандарға қала ұйымдарында жұмыс істеуге және толықтай субсидияланатын жалақы алуға мүмкіндік береді. Бұл ретте жұмыс берушіде бос орын болуы міндетті емес.
– Биыл жастар практикасына 302 адамды жолдауды жоспарлап отырмыз, – дейді ол. – Қазіргі уақытта 240 түлек жұмысқа орналасты. Олар өз мамандығы бойынша 12 айға дейін жұмыс істейді, тәжірибе жинақтайды және еңбек кітапшасына белгі қойылады. Бұл болашақта тұрақты жұмысқа орналасуға нақты мүмкіндік береді.
Жастар практикасы аясында жалақы шамамен 101 мың теңге. Маманның айтуынша, жеткізу қызметінде уақытша табыс тапқаннан гөрі, өз мамандығы бойынша тәжірибе жинау болашаққа тиімді инвестиция болып саналады.
– Бағдарлама кәсіби дағдыларды дамыту мен білімді бекітуге бағытталған, – дейді Сүйіндік Бөтенов. – Жастар өздерін көрсетуге мүмкіндік алады, ал жұмыс берушілер болашақ қызметкерлердің әлеуетін байқайды. Көп жағдайда тәжірибеден өткен түлектер кейін сол ұйымдарда тұрақты жұмысқа қалады.
Бағдарлама шеңберінде жұмысқа орналасу процесі қарапайым: жұмыс берушілер алдын ала қажетті мамандықтар бойынша өтінім береді. Еңбек орталығы түлектерді таңдап, сұхбатқа жібереді. Егер жас маман қызығушылық танытса, келісімшартқа қол қойып, жұмысқа кіріседі. Егер алғашқы ұйым сәйкес келмесе, оны басқа кәсіпорынға бағыттайды.
Мемлекет тек жастар практикасын ғана емес, жас кәсіпкерлерді де қолдайды. Биыл 125 грант бөлінді. Олар негізінен жұмыссыздарға, көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар азаматтарға және қоныс аударушыларға берілді. Грант көлемі – 400 айлық есептік көрсеткіш, ал қаражат тек бизнес ашуға, құрал-жабдық алуға немесе жоба іске қосуға жұмсалады. Егер қаржы мақсатсыз пайдаланылса, оны қайтару қажет.
Осылайша, мемлекеттік бағдарламалар жастарға тек қаржылай емес, кәсіби тұрғыда да қолдау көрсетіп, тұрақты еңбек нарығына жол ашады.