Павлодарлық жайдарманшылар жартылай финалда
Олар қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Астана қаласында өтіп жатқан «Astana Liga» жайдарман ойындарына павлодарлық құрамалар да қатысты. Олар – «Андриановка» құрамасы мен «Женский сборный» құрамалары. Андриановкалық жайдарманшылар «Қабырғалар» құрамасына қарсы ойнап, қазылар алқасының шешімімен айқын басымдылықпен жеңді. Есеп – 4:1. Аталмыш құрама жартылай финалда «Созақбай» құрамасына қарсы ойнайтын болады.
– Ойын өте керемет өтті. Бұл ойын мен жеңістің артында өте үлен еңбек тұр. Күн демей, түн демей дайындалып, таң атқанша өтімді әзіл іздеп, дайындалған еңбегіміз зая кеткен жоқ, – дейді «Андриановка» құрамасының капитаны Алмаз Сәлденбеков.
Құрама капитаны демеушілік жағынан команданың ақсап тұрғанын айтады.
– Бұған дейін Ақтоғай ауданының атынан шығып жүрдік. Алайда ол жақта демеушілік көрсетуден бас тартқан соң басқа атау қойдық. Бұған дейін команданың атауы «Ақтоғай құрамасы» болған. Бірақ демеуші жоқ, командаға демеуші болатындар болса қарсы емеспіз, – дейді ол.
Ерекше стилімен көзге түсіп жүрген «Женский сборный» қыздар құрамасы «Бізде осы» командасына қарсы ойнап, қазылар алқасының шешімімен ширек финалдан ойындарын тоқтатты, яғни жеңіліс тапты.
Еске сала кетейік, алдағы уақытта өңірдің барлық кезеңдегі жайдарманшыларының басын қосып, «Ретро» жайдарман өткізілмек.